Қызылордадағы бильбордтарға ҰОС батырларының суреттері қойылды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - 9 мамыр қарсаңында Қызылорда қаласында Жеңіс күнін жақындатқан батырлар, атап айтқанда Сыр бойынан шыққан Кеңес Одағының Батырлары насихатталуда.

Қызылордадағы бильбордтарға ҰОС батырларының суреттері қойылды

Қаланың орталық Жібек жолы көшесінде батырлардың суреті мен аты-жөні жазылған насихаттық билбордтар орналастырылып, бүгінгі жас ұрпаққа таныстырылуда. Бұл туралы қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Балдырған Мәмен хабарлады.

Айта кету керек, Қызылорда облысынан 20 Кеңес Одағының батыры, 1 «Даңқ» орденінің толық иегері шыққан. Қазір Қызылорда қаласында барлығы 54 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Оның 19-ы - ҰОС мүгедегі, 35-і - ҰОС қатысушылары.

Соғыс және еңбек ардагерлеріне әлеуметтік қолдаулар жалғасын табуда. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен бір жолғы көмек ретінде барлығы 185,0 млн теңге бөлінді.

Сондай-ақ, Жеңіс мерекесі қарсаңында қаладағы «Тағзым алаңы» қайта жаңғыртудан өтті.