Қызылордадағы кооперативтердің өрісі кеңеюде

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Облыс бойынша бүгінгі таңда барлығы 242 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі облыстық әкімдікке сілтеме жасап хабарлайды.

Қызылордадағы кооперативтердің өрісі кеңеюде

Кооперативтерде барлығы 2872  мүше бірігіп, ауыл шаруашылығы саласында жұмыстар жасауда. Бұл бастама ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің тарапынан қолдау тапты.

Мәселен, өңірдің оңтүстігіндегі ең шеткі ауданы болып есептелетін Жаңақорған ауданында «Агробизнес-2020» бағдарламасын мемлекеттік қолдау  бағытында өнімдерді қайта өңдеу және мал шаруашылығымен айналысатын  46 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. Олардың арасында 9 кооператив 266 жеке отбасылық тұлға мал шаруашылығымен, ет, сүт өндіру бағытында жұмыс жүргізеді. Ауылдық округтерде жеке қосалқы шаруашылықтардың мүмкіншілігіне қарай, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру негізінде жұмыстар жалғастырылу үстінде.  

Жаңақорған кентіне қарасты «Нұрлы-Жол бірлестігі» жеке қосалқы тұлғалардан құрылған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 82 млн теңге несие алып,  мал бордақылау бағытында жұмыс жасау үстінде.

Аудан орталығына жақын орналасқан Өзгент ауылдық округінде де осы бағытта оңды нәтижелер өріс алуда. Атап айтқанда, «Ақбұлақ-Б» жеке ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 22 мүшесі бірігіп, сүт өндіру бағытында жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, сүт қабылдау цехын ашу бағытында да жұмыстар қолға алынған. Ауданның Келінтөбе, Сүттіқұдық, Қожамберді, Бесарық ауылдық округтерінде іріленген кооперативтер құрылып, олардың құрамына жеке отбасылық тұлғалар тартылды. Ондағы шаруашылықтар да аталған бағытта өз істерін ашып, одан әрі өрістететін болады.

Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреевтің басшылығымен алғашқы кезекте аудандағы әрбір ауылдың әлеуетін зерделеу жұмыстары жүйелі жүргізілді.

Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту барысындағы екінші қолға алынған жұмыс Аққорған ауылдық округіне қарасты «Сәдір-Ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 24 мүшесі 46,1 млн теңге несие алып, бүгінде олар мал бордақылау бағытында жұмыс жасауда. Ұжым мүшелерінің жеке қосалқы тұлғалардан құрылғандығын ескерсек, мұнда да өзара бәсекелестік артатындығы сөзсіз. Бұл мал бордақылау жұмысының сапалы да пайдалы болуына негіз қалайды.

Мемлекеттік  «50 ауыл» бағдарламасы аясында пилоттық жоба таңдалып, сол бағдарлама арқылы осы елді мекендегі 65 жеке отбасылық шаруашылық мүшесінің 59 мүшесі «Миялы» ауыл шаруашылығы кооперативіне бірікті.

Оларға  172,9 млн теңге несиеге 617 бас мүйізді ірі қара, 110 бас жылқы алынып, бордақылау жұмыстары айлар бойы тоқтаусыз жүргізілді. Сонымен қатар, 1 модульді мал сою пунктін алу бағытында да жұмыс қолға алынған.

Бұл жерде тоқталып өтер жайт, Мемлекет басшысы өзінің Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам еңбегінде алда атқарылуы тиіс міндеттерді нақтылап берген болатын. Ондағы 54-қадамда:  Кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау үшін бизнес-омбудсмен институтын нығайту мәселесі көтерілді. Жаңа институттың құрамына бизнестің және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіретіндігі нақты көрсетілді.

Сондай-ақ, 55-қадамда:   Қазақстанның әлемдік нарыққа шығуы және экспорт тауарлары үшін өңдеу өнеркәсібіне трансұлттық компанияларды тарту міндеті қойылды. Бүгінгідей кооперативтерге бірігу Елбасы жүктеген міндеттерді атқарудың алғышарты.