Қызылордадағы шыны зауытының құрылысы жанданды

Қазір мұндағы құрылыс жұмыстары айтарлықтай алға жылжыды. Жұмыс қарқыны да күшейе түскені байқалады,деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жалпы, жылдық қуаты 197 мың тонна өнім шығаруға жететін зауыт құрылысы 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде қолға алынды. Бастамашысы «Orda Glass LTD» ЖШС. Ағымдағы жылдың мамыр айында Бейжің қаласында «Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумы өткені белгілі. Осы алқалы жиында Қазақстан мен Қытай мемлекеттері басшыларының кездесуі аясында қытайлық «Чайна Триумф» компаниясы мен «Orda Glass LTD» серіктестігі арасында меморандум жасалды. Осыдан соң шілде айында құрылыс-монтаж жұмыстарын бірлесе атқару жөніндегі келісімге қол қойылды.
Қойма ішінде осы зауытта болашақта іске қосылатын техникалар тұр. Қаз-қатар тізілген құрылғылар АҚШ, Италия, Бельгия, Финляндия елдерінен әкелінген. Тіпті, шыны жинайтын роботтар да сақадай сай әзір. Мамандар мұндағы құрылыс жұмыстарын межеленген мерзімінде аяқтаймыз деп отыр. Атшаптырым аумақты алып жатқан қоймада да қыруар тірлік атқарылып жатыр.
Зауытты алдағы 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында іске қосу жоспарланып отырғанын айта кеткен жөн. «Orda Glass LTD» ЖШС құрылыс жөніндегі директоры Бегалы Тоқаевтың айтуынша, қазір мұнда АҚШ, Финляндия және Қытайдан қажетті жабдықтың 96 пайызы жеткізілген. Мамандар металл бөлшектерін құрастыруда. Ресей, Өзбекстан мен Түркия ықтимал өнім пайдаланушылар қатарында болып отыр. Отандық мамандар қытайлық әріптестерімен бірге күн батареялары, смартфондар мен планшеттерге арнап өте нәзік шыны шығаратын зауыттың екінші кезеңін жалғастырмақ. Мұнда 300 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұған қоса бұл зауыт толыққанды іске қосылған жағдайда соңғы технологиялармен жабдықталған әлемдегі үшінші зауыт болмақ. Бұған дейін мұндай зауыт тек Жапония мен Қытайда ғана болған.
Тоқтала кетер жайт, мұндай өндірістерге серпін беру Елбасының Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам еңбегінің 56-қадамында көрініс тапқан. «Экономиканың басым секторларында «зәкірлік инвесторлармен» - халықаралық стратегиялық серіктестермен бірлескен кәсіпорындар құру жайы айтылды. Сонымен бірге шетелдерден жоғары білікті мамандар тарту мәселесі қозғалды.