Қызылордадағы спорт мектебінде осы оқу орнының түлектері - дзюдо чемпиондарымен кездесу өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Алғыс айту күніне орай Ж.Баһадүр атындағы Қызылорда облыстық спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта республикалық, халықаралық жарыстарда ел мерейін асқақтатып жүрген спортшыларға құрмет көрсетілді. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Дзюдодан жасөспірімдер Олимпиада ойындарының чемпионы, жасөспірімдер арасында тұңғыш Әлем чемпионы, осы интернаттың түлектері Бауыржан Жауынтаев пен дзюдодан жастар арасында Әлем чемпионы Мағжан Шамшадинге алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Мектеп-интернат директоры Ишанбек Жұмабаев спортшыларға алғысын айтып, алдағы дүбірлі додаларда әрқашан жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектестігін білдірді.