Қызылордадағы жол апаты: Балабақша көлігіне 8 бала артық отырғызылған

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Қызылорда облысының Тасбөгет кентінде бүлдіршіндер мінген «Газель» көлігі аударылды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Қызылордадағы жол апаты: Балабақша көлігіне 8 бала артық отырғызылған

Оқиға таңертең сағат 10-ның кезінде болған. Жол апаты Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентiндегi Абай және Сапарбаев көшелерiнiң қиылысында орын алды. "Ералаш" жеке балабақшасына тиесiлi "Газель" автокөлiгi таңертең балаларды үй-үйлерінен жинап, балабақшаға бара жатқан. Апат орын алған сәтте көлiктiң iшiнде 21 бүлдiршiн болған. Балалардың жеңіл жарақаттар алғанын балабақша медбикесi мәлім етті. Медициналық тексеруден кейiн олар үйлерiне қайтарылған.

Осыған орай облыстық білім басқармасы басшысы Бақытжан Сайлыбаев, Қызылорда ОІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы Бауыржан Ибраев, ОІІД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алтынбек Ахметов балабақша меңгерушілеріне және қызметкерлеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

«Балабақша көлігінің өз талаптары бар. Яғни көліктің бояуы қанық әрі ашық болуы қажет. Тек балабақша көлігі деген жазумен ғана шектелмеу керек. Көлік төбесіне маяк немесе түрлі түсті айналма жарық орнатуды қолға аламыз. Барлық балабақша жүргізушілеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жүргізушілерді және көліктерді заң талаптарына сай тексереміз. Жалпы жолаушылар отыратын орындықтарға балаларға арналған арнайы белқыстырғыштарын орнату керек. Біз осыған дейін балабақша көліктеріне ондай талап қойған жоқпыз. Салдарынан осындай жайтқа ұшырап отырмыз. Оның үстіне, балабақша 13 орынды «Газельге» қосымша орындықтар қойып, 21 баланы тасымалдаған. Бұл заңды белден басқандық», - деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, облыстық ІІД берген мәліметке сүйенсек, оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тексеру жұмыстары жүргізілуде.