Қызылордадан ЭКСПО-ға күн сайын 150 жолаушы аттанады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Төрткүл дүние көз тіккен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін тамашалауға Сыр елінің тұрғындары да аттанды. 

Қызылордадан ЭКСПО-ға күн сайын 150 жолаушы аттанады

Жолаушыларды Қызылорда қаласының теміржол вокзалынан етжақындары мен ұжымдастары салтанатты түрде шығарып салды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Әлемдік деңгейдегі ауқымды шараға қатысуға мүмкіндік алған 37 қызылордалық тұрғынның арасында «Қызылорда тазалығы» мен «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының мамандары да бар. Шығарып салу шарасына арнайы қатысқан қала әкімінің орынбасары Нұрлан Мақсұтов жолаушылардың сапарларына сәттілік тіледі. 

«ЭКСПО-2017 - барша қазақстандықтар асыға күтіп жүрген маңызды шара. Ол білім мен инновациялық салада тәжірибе алмасу, мәдени-рухани байланысты нығайту және ынтымақтастықты дамыту мақсаттарын көздейді. Беделді шараға 100-ден астам ел мен 10-ға тарта түрлі бағыттағы халықаралық ұйым мүшелері қатысуға ниет білдірген.  Осындай іргелі шараны тамашалауға мүмкіндік алған жандарға ақжол тілеймін», - деді қала әкімінің орынбасары.

Жолаушылардың бірі - «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының инженер-химигі Нәзипа Боранбаева ел тарихындағы айтулы оқиғаға куә болуға жағдай жасаған мекеме басшылығына өз алғысын жеткізді. Ал «ЭКСПО-2017» ақпараттық ресурстық орталығының басшысы Жандос Түсмағамбетов, жоғары дәрежеде өтетін шараны жауапкершілікпен өткізу - зор құрмет және оған өз үлесін қосу үлкен мәртебе екендігін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін қала әкімдігі мен «ТрансТурСервис-Қызылорда» жолаушылар компаниясы арасында тасымалдау жұмыстары бойынша  арнайы келіссөз жасалған еді. Нәтижесінде көрменің өту мерзімі кезеңдерінде облыс орталығынан   4 автобус пен «Қызылорда-Петропавл», «Қызылорда-Көкшетау» және «Тальго» жүрдек пойыздары қатынайды деп жоспарланған.  Көрмеге өңірден тәулігіне 150-ге жуық жолаушы барады деп жоспарлануда.