Қызылордалық 25 жігіт «Сыр серісі» атану үшін төрт ай бойы сынға түсті

Байқау барысында ер азаматтар ұлттық ойындар мен заманауи спорт түрлерінен сайысқа түсті. Төрт ай бойы 25 жігіт «Сыр серісі» атану үшін талай сыннан өтіп, олардың ішінен оқ бойы озық көрінген 8-і суырылып алға шықты.
Нәтижесінде, ІІІ орынды - Нарбота Серәлі, ІІ орынды - Фархат Әбжаппаров және І орынды Әділ Әмірбеков иеленді.
Ад жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан Ержан Шайрақ «Сыр серісі» атанып, ауыздықпен алысқан арғымақты қанжығасына байлады. Сондай-ақ оған Б.Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалі табысталды. Сонымен қатар, үздік деп танылған серілер «Қайсар жігіт», «Сымбатты жігіт», «Епті жігіт», «Көрермен көзайымы» номинациялары бойынша атап өтілді.
Жеңімпаздар Н. Бекежанов атындағы драма театрында марапатталды.
Айта кетейік, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен жобаны «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы мен «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырды. Жоба келесі жылы өз жалғасын таппақ.