Қызылордалық 30 полицей салтанатты түрде ант қабылдады
Жиынға департамент басшылығы, қызметкерлері және ішкі істер органының ардагерлері қатысты.
Салтанатты шара Қазақстан Республикасы Гимнімен ашылып, ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Қ.Қасымовтың құттықтауы оқылды. Департамент бастығы полиция полковнигі Мұхитов Қайрат Болатұлы соғыс ардагерлерін, жалпы ішкі істер органдары ардагерлерін қатар келген екі ұлы мерекемен құттықтап, соғыста ерлікпен қаза тапқан әр батыр аталарымыздың тарих төрінен орын алатыны және ұрпақтары жеңіс алауын сөндірмей, Отан үшін отқа түскен есіл ерлерді жүрек түкпірінде ұстайтынын ерекше атап өтті.
Шара барысында Ішкі істер министрлігінің және департамент бастығының марапаттау бұйрығы ресми түрде оқылып, ішкі істер органдарының ардагерлері мен құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше көзге түскен департаменттің бірнеше қызметкері марапатталды.
Одан әрі мерекелік іс-шара жас қызметкерлердің ант қабылдау рәсіміне ұласты. Полиция қызметіне жаңадан қабылданған 30 полиция қызметкері қызметті адал және абыроймен атқаруға, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқығы мен бостандықтарын қорғауға салтанатты түрде ант берді.
Полиция қызметіне жаңадан қосылған жас буынды айтулы күндерімен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұңғышбаев Серікбол Қуатбайұлы құттықтады. Ол ант қабылдау - әрбір полиция қызметкері үшін толғандыратын салтанатты сәт екендігін атап өтіп, өзінің қызметін, өмірлік жолын халыққа қызмет етумен байланыстырған жас қызметкерлердің азаматтық борыштарын абыроймен атқаруларына тілектестік білдірді.