Қызылордалық кәсіпкер лимон өсіруді қолға алмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылордалық кәсіпкер Қармақшы ауданындағы ең ірі жылыжайда лимон өсірмек. Негізінен 1 мың 600 шаршы метр аумақта 3,5 мың түп қызанақ пен 1,5 мың түп қияр күтімге алынған. Алдағы уақытта мұнда көкөністен бөлек цитрус өнімдерін өндіру жоспарда бар, деп хабарлайды Хабар24.kz.
Телеарна сайтының хабарлауынша, кәсіпкер тіпті экзотикалық жидектің бірнеше түрі егіп, сынақтан өткізген. Кәсіпкер жылыжай шаруашылығын құру үшін мемлекет тарапынан 10 млн теңге жеңіл пайызды несие алыпты. Алдағы уақытта тағы аумағы 2 мың шаршы метрді құрайтын жылыжай салып, өнімділік көлемін арттырады. Жалпы Қармақшы ауданында мұндай шаруашылық енді дамып келеді. Бүгінде аудан бойынша 2 мың 650 шаршы метрді құрайтын 4 жылыжай ғана бар.
«Осыны сырттан кіретін көкөніс өнімдерінің орнын өз жерімізден шыққан өнімдермен алмастыруға ұмтылу деп қараған жөн. Әрі лимон егеміз деген ойымыз бар. Бір-екі түрін егіп бастап көрдік, болады екен, біздің жерге жерсінеді екен. Оның да шамалы микроклиматын келтіру керек»,-дейді кәсіпкер Ербол Ешмұратов.