Қызылордалық кәсіпкерлер өз құқықтарын қорғауға қатысты 102 өтініш білдірді
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Жыл басталғалы Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына бизнес өкілдерінен өз құқықтарын қорғауға қатысты 102 өтініш түсті.
Оның 31-і оң шешімін табуының нәтижесінде кәсіпкерлер өздерінің 76 млн теңгеден астам қаржатын үнемдеуге мүмкіндік алды, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
«Жалпы кәсіпкерлер палатасы құрылғаннан бері палатаға 630 өтініш түсті. Оның 400-ге жуығы оң шешімін тапты. Нәтижесінде палата заңгерлері аймақ кәсіпкерлерінің 1 млрд 112 млн теңге көлеміндегі қаражатын үнемдеуіне мүмкіндік туғызды»,- деді Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов Atameken Business Channel телеарнасына берген сұхбатында.
Өз кезегінде Ғалымбек Жақсылықов облыстық кәсіпкер субъектілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғауды жедел және жүйелі шешуге негізделген палатаның негізгі диалог алаңы - Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес екендігін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, есепті кезеңде Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің 7 отырысы өтіп, онда прокуратура органы және Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент 16 мәселені қарады. Нәтижесінде оның 12-сі оң шешімін тапты.
«Кәсіпкерлер палатасының барлық жұмысы - әртүрлі кеңестер мен мемлекеттік қызметтер және лицензиялау рәсімдерін алуда кәсіпкерлерге «Бір терезе» қағидатымен қызмет көрсету үшін жағдай жасауға негізделген. Бұған кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында шағын және орта бизнес қызметінің барлық мәселелерінде құқықтық көмек көрсететін және кәсіпкерлік қызметке негізсіз араласу фактілері бойынша кәсіпкерлерді кестеге сәйкес қабылдайтын «Прокурор кабинетінің» ашылуы дәлел», - деген Ғалымбек Жақсылықов 8 айда прокурорлардың қабылдауында 70 кәсіпкер болып, құқықтық кеңес алғандығын жеткізді.