Қызылордалық «Қайсар» футбол клубы банкрот деп танылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылордалық «Қайсар» футбол клубы» қоғамдық бірлестігі банкроттыққа ұшырады. Бұл туралы Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады kyzylorda-news.kz.
«Қайсар» футбол клубы ҚБ төлемге дәрменсіздігіне байланысты өзін-өзі банкрот деп тану туралы арызымен сотқа жүгінген.
«Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» ММ-дегі кредитор өкілі сот отырысында, борышкердің арызы бойынша қарсылығының жоқ екендігін білдірді.
Сот азаматтық іс материалдарын қарап, борышкер «Қайсар» футбол клубы қоғамдық бірлестігін банкрот деп тану туралы арызын қанағаттандырып, таратуға шешім шығарды.