Қызылордалық қыз-келіншектер текемет, тұскиіз басудан сайысты

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Қызылорданың Қазалы ауданында ұлық өнерімізді жаңғырту мақсатында текемет, тұскиіз басудан сайыс өтті, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Қызылордалық қыз-келіншектер текемет, тұскиіз  басудан сайысты

«Әр үйдің төрінде текемет тұрса...» тақырыбындағы байқауды Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Абай ауылдық клубы ұйымдастырды.

Оған ауданның түкпір-түкпірінен келген ақ жаулықты аналарымыз қатысып, текемет пен тұскиіз басу бойынша сайысқа түсті. Байқауға аудандық оқушылар үйінің үйірме жетекшісі  Ұлжан Ахметова, Абай ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы, мәдениет саласының ардагері  Сақыпжамал Жұмағали, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері  Бекзат Әжімұрат қазылық жасады.

Сайысушылар алғашқы бөлімде үйден дайындап келген текемет пен тұскиіздерін көрмеге қойып, таныстырды, жасалу жолдарын түсіндірді. Ал, екінші бөлімде аяқталмаған істі сол жерде жасап бітірді.

Шара барысында Сарыкөл ауылдық округінің әкімі Байназар Ерқосаев құттықтау сөз сөйледі. 

Байқау нәтижесінде Сарбұлақ ауылының тұрғыны Күміскүл Рахметова бас жүлде алса, абайлық Мейрамкүл Көптілеуова І орынды иеленді. Жүлделі екінші орынды бекарыстандық Шынар Қожақова мен Бозкөл ауылынан келген Бейбіт Әбдіраманова еншіледі. Келесі орындарды Қожабақы ауылы атынан қатысқан Мәдина Қаржаубаева, кәукейлік Күлзираш Балмасова және Лақалы ауылының тұрғыны Марияш Досжанова өзара бөлісті.