Қызылордалық майдангерлер «Мәскеу үшін шайқасқа - 75 жыл» төсбелгісімен марапатталды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Ресейдің Алматыдағы бас консулы Алексей Демин Қызылордадағы Достық үйінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері Бөрібай Құлманов және Әбдіраман Әбішевтің баласы Бекболат Әбдіраманұлымен жүздесті.
Салтанатты шарада «Мәскеу үшін шайқасқа - 75 жыл» төсбелгісі сырбойылық екі ардагерге тағылды. Ал, соғыс ардагері Кеңесбай Қалиевтің денсаулық жағдайына байланысты мерекелік медаль үйінде табысталды. Бұл туралы ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясына сілтеме жасап хабарлады.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, барлық этномәдени бірлестіктің, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледж студенттері және БАҚ өкілдері қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары алғы сөзінде «Соғыстың от майданында толарсақтан қан кеше жүріп, елге жеңімпаз ретінде оралған бабаларымыздың ерлігі алдында тағзым етіп бас иеміз. Майдан кешті соғыста жүздеген қызылордалық батырлар жеңіс үшін күресті. Өкінішке орай олардың көбі елге қайта оралмады. Бүгін міне, Мәскеу үкіметінің шешімімен төсбелгі ортамызда отырған ардақты ақсақалдарымызға тағылады», - деді.
Алексей Демин Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне «Біз мәңгі біргеміз, бірлігіміз бекем, сондықтан бізді ешкім жеңе алмайды» деп, кеуделеріне «Мәскеу үшін шайқасқа - 75 жыл» төсбелгісін тағып, марапаттады.
Жалпы, бұл төсбелгі 2016 жылдың шілде айынан беріле бастады.
Ұлы Отан соғысының ардагері Бөрібай Құлманов көрсетілген ілтипаттылық үшін алғысын айтып, батасын берді.
Салтанатты шарада Ұлы Отан соғысындағы кеңес әскерінің жеңісі әлемге бейбітшілік сыйлағандығы, кеңес әскерінің жауынгерлері Мәскеу қаласын жаудан қорғауда ерекше ерлік көрсеткендігі, жауынгерлер неміс фашистеріне қарсы соғысып, Мәскеуді жаудың қолынан аман алып қалғандығы туралы әңгіме өрбіді. Сондай-ақ, ел батырларын ұлықтау мақсатында өткізілген кездесуде облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов Ресейдің Алматыдағы бас консулына алғысын білдірді.