Қызылордалық оқушылардың жаңа кітап-дәптерлеріне 1,3 млрд теңге бөлінді
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Биылғы оқу жылында Қызылорда облысындағы жалпы білім беретін 293 мектепте 149 мың бала білім алады. Оның ішінде, мектеп табалдырығын алғаш аттап, бірінші сыныпқа қабылданатын бала саны 700-ге артып, 18 911-ге жетіп отыр, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі облыстық білім басқармасына сілтеме жасап.
Соңғы жылдары облыста мектеп құрылысы қарқынды жүргізіліп келеді. Айталық, өткен оқу жылының өзінде 12 мектеп салынған болса, жаңа оқу жылының қарсаңында тағы 5 мектеп пайдалануға беріледі. Сондықтан оқушы санының артуы орын тапшылығын тудырмайды. Барлық мектептерде оқу процесін екі ауысымнан асырмай жүргізуге толық мүмкіндік бар.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Жаңақорған ауданының Төменарық және Нәлібаев ауылдарындағы бірі апаттық, бірі үш ауысымда білім беріп келген 300 орындық екі мектеп ғимараты жаңадан бой көтерсе, Арал, Қазалы аудандарындағы апаттық жағдайдағы үш мектеп ғимараты облыс бюджеті қаражаты есебінен салынып, жаңа оқу жылына пайдалануға берілгелі отыр. Мұнан бөлек, биылғы жылы Арал, Қазалы, Қармақшы, Жаңақорған аудандарындағы әрқайсысы 300 орындық 5 мектептің құрылысы жүргізілуде.
Әр оқу жылында мектеп оқушыларын жаңа оқулықпен тегін қамтамасыз ету де жауапты жұмыстардың бірі. Бұл орайда мектептің 2, 5 және 7-сыныптарында оқитын 46 345 оқушыға 988 мың дана жаңа оқулық пен оқу-әдістемелік кешендер және 1-сынып үшін жұмыс дәптерін сатып алуға 1,3 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Аталған оқулықтар 15 тамызға дейін жеткізіліп, барлық мектеп толық қамтамасыз етілетін болады.
Жыл сайын жаңа оқу жылының қарсаңында, яғни 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында дәстүрлі түрде «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өткізілетіні белгілі.