Қызылордалық өрендердің оқу үлгерімі халықаралық зерттеуде бағаланады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңірінде мектеп және колледжде білім алып жүрген өрендердің оқудағы жетістіктерін бағалаудың  Program for lnternational Student Assessment (PISA) халықаралық зерттеуі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық білім басқармасына сілтеме жасап.

Қызылордалық өрендердің оқу үлгерімі халықаралық зерттеуде бағаланады

Халықаралық зерттеу шарасы 15 жасқа толған білім алушылардың функционалдық сауаттылығын екшейді. Ол адам дамуының индексі көрсеткішінің бірі ретінде саналады. Осы бағытта оқушылар математика, жаратылыстану және оқу сауаттылықтары бойынша білімін таразылай алады. Біздің еліміз бұл зерттеуге 2009 жылдан бері қатысып келеді.

Мамандардың айтуынша, оған кездейсоқ іріктеліп алынған 27 мектеп пен 8 колледждің білім алушылары қатысады. Зерттеудің алғашқы күнінде қызылордалық өрендер химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде компьютер арқылы тест тапсырып шықты. 2 сәуірде басталған зертеу 14 мамырда мәресіне жетеді.

Әділет Қаңтарбаев