Қызылордалық студент Нұрсұлтан Назарбаев - болашақ ядролық физика маманы
АСТАНА. 18 шілде. ҚазАқпарат - 20 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің үшінші курсында оқиды.
Ол - болашақ ядролық физика маманы, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы «Экспресс К» басылымына сілтеме жасап.
«Мен адамдармен танысқан кезде өзімді: «Нұрсұлтан» деп таныстырамын, - дейді жасөспірім. - Олар күлімсіреп: «фамилияң Назарбаев шығар?» деп әзілдейді. Мен: «Иә, дұрыс айтасыз, Назарбаев», - деймін. Бірақ куәлігімді көрсетпейінше бәрібір сенбейді», - дейді ҚР Президентінің аттасы. Бұл туралы.
20 жастағы студенттің айтуынша, аты-жөні Елбасымен бірдей болғандықтан, ол әрқашан елдің назарында, өйткені қызығушылық танытып жататындар көп. Соның арқасында ол бір кездері мектеп президенті болып сайланған. Мектептің басты қызметіне сайланатын үміткерді таңдар кезде біреулер: «Бізде Нұрсұлтан Назарбаев бар емес пе, одан басқа кім президент болуы мүмкін?» деді. Қорытындысында Нұрсұлтанға оқушылардың 80 пайызы дауыс берді. Елбасының аттасы мектепте үздік оқыған көрінеді.
Қазір 20 жасар Нұрсұлтан Қызылорда университетінің үшінші курсында ядролық физика мамандығында оқиды. Жазғы каникул кезінде ол құрылыста жұмыс істеу туралы шешім қабылдапты, тапқан ақшасына автокөлік сатып алмақ ойы бар. Сондай-ақ Нұрсұлтан - ағаштан түйін түюдің шебері. Оның әкесі - бұл саланың маманы, кәсіби ағаш ұстасы.
Айта кетейік, әлеуметтік желілердің ақпаратына қарағанда, Қазақстан бойынша Елбасымен аты-жөні бірдей бірқатар жандар бар. Бір қызығы, барлық Нұрсұлтан Назарбаевтар - тәуелсіздік құрдастары екен.