Қызылордалық таэквондошылар Біріккен Араб Әмірлігінде өткен халықаралық турнирде жақсы өнер көрсетті (ФОТО)
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-23-25 ақпан аралығында Біріккен Араб Әмірлігінде таэквондодан «Фуджейра Опен - 2016» халықаралық жарысы аяқталды. G - 2 дәрежесінде өткізілген жарысқа 17 елдің спортшылары қатысты.
Аталған сайыста жастар арасында 46 келі салмақта өнер көрсеткен Динара Әбдіржан (№1ОРМБЖМ) жарыс жеңімпазы атанды. 63 келі салмақта Тахир Нәбиев(№1ОРМБЖМ) екінші орын алса, 49 келіде Ботагөз Қапанова (спорт интернат) қола жүлдені иеленді. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Ересектер арасында Жазира Сапарбек (ЖСШМ) 46 келі салмақта және Айнұр Есбергенова (№1ОРМБЖМ) 49 келі салмақта III орындарға ие болды.
Спортшыларды жарысқа Николай Курноскин, Нұрлыбек Сухан, Руслан Тілеулиев, Рашид Сандықбаев және Сламбек Мұсатаевтар дайындады.