Қызылордалық танысының млн теңгесін ұрлап кеткен
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Таныс қызының үйіне қонаққа барып одан 1 млн 622 мың теңгені үптеп кеткен қызылордалық жігітке қатысты қылмыстық іске соңғы нүкте қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда қаласы №2 сотының мәліметіне сүйенсек, аталған іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалған. Жігіт таныс қызының шақыруымен оның үйіне қонаққа барған. Пәтер ішін аралап жүріп ол ілулі тұрған пальто қалтасынан 5000 АҚШ долларын жымқырған. Оған қоса жәбірленушінің қол сөмкесінен 25000 теңгегі алған.
«Айыпталушы өзінің кінәсін толығымен мойындады. Жәбірленушіге келтірген шығынды толық өтегенін және кешірім алғанын жеткізді. Осыған байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 63-бабына сәйкес, 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы шартты деп саналды. Оған сынақ мерзімі тағайындалды»,- дейді Қызылорда қаласы №2 сотының судьясы Аңсат Сұлтанбеков.
Осы мерзімге пробациялық бақылау белгіленді. Оны жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тартты.
Авторы: Әділжан Үмбет