Қызылордалықтар «Бастау» арқылы бизнестерін бастауда

«Бастау-Бизнес» жобасының екі легінің қорытындысымен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы арқылы 8 қатысушының жобасы қаржыландырылды.
Атап өткен жөн, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы ауылдың 367 азаматын «Бастау-Бизнес» жобасы аясында оқытып шықты. Жоба кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған. Оның қатысушылары ауылдық жерлерде бизнеспен айналысуға әлеуеті бар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен жұмыссыздар.
Қазіргі таңда «Бастау-Бизнес» жобасы шеңберінде пилоттық негізде Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарының тұрғындары оқытылуда. Жыл соңына дейін алты кезеңмен 937 адамды оқыту жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін оның екі кезеңі аяқталып, 367 қызылордалық бизнестерін бастауға дайын. Үшінші кезеңге 168 азамат өтінім беріп, оның 157-сі тестілеуден сәтті өтті», - дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Оқу процесі барысында қатысушылар бизнес-тренермен бірге бизнес-жоспарларын әзірлеп, оны Палата жанындағы облыстық комиссия алдында қорғап шығады. Комиссия құрамына «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «ҚазАгроГарант» АҚ, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы Микро қаржылық ұйымы» ЖШС өкілдері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері енген. Жобасын сәтті қорғап шыққан азаматтарды Кәсіпкерлер палатасы жоғарыда аталған қаржы ұйымдарына қаржыландыру үшін ұсынады.