Қызылордалықтар Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Илья Ильинді әуежайда қарсы алды

ҚЫЗЫЛОРДА. 18 тамыз. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының жұртшылығы Олимпиада ойындарының екі дүркін, әлемнің үш мәрте, Азия ойындары мен Азияның бір реттен чемпионы ауыр атлет Илья Ильинді Қорқыт ата атындағы әуежайда күтіп алды. Олимпиадашыны күтіп алу рәсіміне облыс және қала басшылары қатысты.

Қызылордалықтар Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Илья Ильинді әуежайда қарсы алды

Лондон төрінде жеңіске жеткеннен кейін туған топырағына алғаш рет қадам басқан Илья Ильинді ұшақ трапынан түскен бойда бір топ спортшы жігіт табанынан тік көтеріп алып, межелі жерге дейін алып келді. Сол жерде ол өзін күтіп алушы ресми тұлғалармен және туған-туыстарымен қауышты. Құшағы гүлге толған чемпион сол бойда әуежайдың екінші қабатындағы вестибюльге көтеріліп, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Осылай шұғыл өткізілген баспасөз мәслихатынан кейін Илья әуежай ғимаратының VIP залына шыққанда,  «Жаса, қазақ спортының саңлағы!», «Сырдың ұландары - намыстың қырандары!», «Сыр ұландары - ұлт мақтанышы!» деген жазулары бар құттықтау ұрандарын ұстаған жанкүйерлерінің құшағына тап болды. Осында жиналған жастар мен студенттер «Илья - чемпион!», «Жарайсың, Алмас!» деген қолдау дауыстарын көтеріп, қолдарындағы жалауша және шарларын бұлғап, атлеттерге құрмет көрсетті. Сол жерде И.Ильин жастар өкілдеріне қолтаңба берді.

Келесі кезекте жұлдызды жеңімпаздың облыс орталығына қарай басталған жолын арнайы безендірілген автокеруен  бастап жүрді. Керуен қалаға кіреберістегі су торабы маңына аялдап, онда жиналған көпшілікке сәлем берді. Осы құрмет дәлізін бойлап ілгері жылжыған көш сосын қалаға қарай беттеді. Көліктер тізбегі осы қалпында чемпионды тәрбиелеп өсірген қара шаңырақ - Александр Геннадьевич Ильиннің үйінің ауласына келіп тоқтады. Осында ұябасар кенже ұлды есік алдында көрші-қолаң көтеріңкі көңіл-күйде қарсы алды. Тап сол жерде қазақтың ақ жаулықты әжелері қазан асып, бауырсақ пісіріп жатты.

Мұның соңын ала облыс әкімі бастаған топ Ильяның үйіне кіріп, оның анасы мен әкесіне гүл шоқтарын тапсырды.

Батыр бағланға құрмет көрсетудің негізгі бөлігі бүгін кешке орталық алаңда өткелі тұр. Ильяны және Сыр өңірінен Олимпиада ойындарына қатысып қайтқан оғландарды марапаттау рәсімі сол кезде жасалады. Бұл шараға облыс басшылығынан бөлек, Спорт және дене тәрбиесі істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев, Қазақстан ауыр атлетика федерациясының төрағасы Қайрат Тұрлыханов қатысады деп күтілуде.