Қызылордалықтар «Протоннан» зардап шеккендерін дәлелдей алса, өтемақы алады
ҚЫЗЫЛОРДА. 1 тамыз. ҚазАқпарат - Қызылордалықтар зардап шеккендерін дәлелдей алса, «Протонның» өтемақысын алады. Бұл туралы кеше Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапары барысында айтты.
Күннің алғашқы жартысында «Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы аясында салынған Көкарал плотинасының жұмысымен танысқан бірінші вице-премьер түс ауа 2 шілдеде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан шығарылған «Протон-М» зымыран тасығышы құлаған аумаққа барды. Осы жерде Бақытжан Сағынтаев «Протон-М» зымыран тасығышы құлаған аймақтағы зардаптарды жою жөніндегі жұмыс комиссиясының қорытындылары бойынша кеңес өткізді. «Протон-М» зымыран тасығышы құлаған аймақтағы экологиялық зардаптарды жою жөніндегі іс-шараларды өткізуді бақылау туралы Премьер-Министрінің өкімімен құрылған жұмыс комиссиясының қорытындылары жөнінде Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров баяндады. Кеңес жұмысына сонымен қатар Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев, РФ Федералды ғарыш агенттігінің басшысы Владимир Поповкин қатысты.
Бақытжан Сағынтаев зымыран тасығыштың құлағаны туралы жағдай бойынша Қазақстанның алаңдаулы екендігін айтты. Бірінші вице-премьер болған апаттың «Байқоңыр» кешенінің қызметімен байланысты экологиялық мәселелерді екіжақты тәртіпте және кешенді шешетін уақыт келгенін мәлімдеді. Сонымен қатар қазақстандық тарап жоғары токсиндік отынды қолданатын зымыран тасығыштарды қолдануға беруді кезең-кезеңмен жылдамырақ қысқартып, қауіпсіз экологиялық ғарыш зымырандар кешендерін пайдалануға ауысуға мүдделі.
Кеңес қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев мүдделі мемлекеттік органдарға бірнеше тапсырмалар берді. Соның ішінде ҚР Үкіметі және РФ Үкіметі арасында Ресей Федерациясының жалға алу шарттары бойынша «Байқоңыр» кешенді аймағындағы экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі келісімге келу үшін қосымша хаттамаға қол қою рәсімін жылдамдату қажет. Бұл Қазақстанның экологиялық кодексінің міндеттерін «Байқоңыр» кешені аймағында қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстан Ресей тарапының аумақтағы тұрғындардың денсаулығына және өңірдің экологиясына зиян келтірілгені үшін өтемақы төлеу мәселелерін қарастыруы қажет деп санайды.
Кеңесте «Байқоңыр» кешенін бірлесе қолдану туралы жол картасын әзірлеу, ғарыш айлағын бірге қолдану тәртібін белгілеуде мемлекетаралық жаңа келісім дайындау мәселелері талқыланды. Онда, сондай-ақ, Байқоңыр қаласын дамыту перспективалары сөз болды.