Қызылорданың ірі екі стадионында футбол матчтарын өткізуге тыйым салынды
Оған сәйкес, бүгіннен бастап Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионның негізгі алаңы мен «Локомотив» стадионында ҚКФЛ аясындағы ойындарды өткізуге тыйым салынады. Оның себебі, алаң сапасының төмендігі, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Осыған орай, ҚКФЛ қойған талапқа сәйкес, «Қайсар» өз алаңындағы ойындарды басқа қалаларда өткізуі тиіс.
Бірақ, жергілікті жанкүйерлердің жайын ескерген облыс басшылығы орталық стадионның қосалқы алаңын жөндеу туралы шешім қабылдады. Бірақ оның сыйымдылығы 1,5 мың адамға лайықталған.
Осыған байланысты ІІД Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қуаныш Шүкіров құқық қорғаушылардың матч кезіндегі басты міндеті жанкүйерлер қауіпсіздігін қорғау екендігін атап өтті. Бірақ, небәрі мың жарым орындық алаңға 7 мың жанкүйер ағылғанда олардың қауіпсіздігін қорғау оңай болмасы анық. Демек, «Қайсарға» жанашыр мыңдаған жанға ойынды үйден тамашалауға тура келеді. Мәселенің осы жағын баса айтқан Қ. Шүкіров жергілікті «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы команданың өзіміздегі ойынын тікелей эфирде көрсетсе деген ойын жеткізді.
Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадион директорының орынбасары Нұржан Машаевтың айтуынша, табиғи алаңды қайта жөндеуге шамамен 150 млн. теңге бөлінеді. Жоспарланған жұмыстар дер уақытында бітсе, шілде-тамыз айларында «Қайсар» қарсыластарын жаңа алаңда қабылдайды. Н. Машаевтың сөзін жалғастырған басқарма бастығы жаңа алаң сапасы Алматыдағы Орталық стадион алаңымен бірдей болатынын жеткізді.
Брифингте «Қайсарға» қосымша тағы 63 миллион теңге бөлініп отырғандығы айтылды. Футболшылар аймақ басшылығы мен жанкүйерлер тарапынан көрсетіліп отырған сенімді ақтауға барынша күш салады. Басты міндет чемпионат кестесінде 6-орыннан төмендемеу.