Қызылорданың камералық оркестрді «Әуен fest» фестивалінің жүлдегері
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Қызылорда облыстық филармониясының камералық оркестрі ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының мың жылдығы мерекелеріне орай Алматыда өткен «Әуен fest» концерттік оркестрлер фестивалінен жүлделі оралды.
Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, мәдени шараға Ақтау, Ақтөбе, Көкшетау, Қарағанды, Өскемен, Орал, Петропавл және Қызылорда қалаларының оркестрлік ұжымдары қатысты. Нәтижесінде сырбойылық өнерпаздар жүлделі ІІІ орынды иеленді. Бұған қоса, осы оркестрдің әртісі Марлен Бәйімбетов «Үздік жеке орындаушы» номинациясын жеңіп алды.
Облыс әкімінің қолдауымен осыдан екі жыл бұрын құрылған оркестрдің көркемдік жетекшісі - Кеулімжай Ботабаев. Қазіргі уақытта оркестр құрамында жиырмадан аса жоғары дәрежедегі білікті мамандар қызмет атқарады. Ал ұжым репертуарында 30-дан астам классикалық шығарма бар.