Қызылорданың су жүйесін жаңғыртуға еуропалық банк 10 млн. доллар несие бөледі
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылорда облыс және қала әкімдіктері, «Қызылорда су жүйесі» МКК, Еуропа қайта құру және даму банкі Қызылорда қаласының су жүйесін жаңғырту бойынша жобаны қаржыландыру туралы алдын ала келісімге қол қойды, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Жоба аясында қуатты үнемдейтін есептегіш құралдар орнатылып, қаланың су жүйелерінің электронды картасы жасақталатын болады. Бұл ауыз су сапасын жақсартуға, құбырларды пайдалану мерзімін ұзартуға, электр қуаты мен суды үнемдеуге мүмкіндік бермек. Жобаға Еуропа қайта құру және даму банкі 10 млн. доллар көлемінде несие бөледі. Ал жергілікті билік 4 млн. доллар қаржы жұмсайды. Несиені 13 жылда қайтару көзделіп отыр. Жобаны жүзеге асыру мерзімі 2014-2017 жылдар аралығын қамтиды.
«Бұл банкпен тығыз жұмыс жасаудамыз. Осыған дейін облыс орталығында автобус паркін салдық. Болашақта қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу сияқты жобаларды бірлесе жүзеге асыратын боламыз», - деді аймақ басшысы Қ.Көшербаев.
Қазақстан бойынша Еуропа қайта құру және даму банкінің директоры Джанет Хэкман инновациялық жобаларды әріптестік негізінде жүзеге асыруға қашан да дайын екендіктерін жеткізді.