Қызылшаға қарсы екпенің қауіпсіздігі күмән тудырмайды - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2009 жыды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Вакциналардың қауіпсіздігі жөніндегі ғаламдық консультативтік комитеті қызылшаға қарсы екпенің қауіпсіздігін растады.
«ДДҰ-ның мәліметінше, қызылшаға қарсы екпе ондаған жылдар бойына бүкіл әлемде табысты қолданылуда және қауіпсіздік тұрғысынан өте жақсы сипатқа ие. 2000 жылдан бастап бүгінгі дейін бұл екпені пайдалану әлемде 15 миллиондай адамның өмірін сақтауға мүмкіндік берді. Қазақстанда иммундау шарасы үшін Үндістанның State Serum Institute компаниясынан сатып алынған қызылшаға қарсы моновалентті тірі екпе қауіпсіз және тиімді болып табылады. Ол ғаламдық ауқымда пайдалану арқылы расталды», - делінген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметінде. ДДҰ мәліметінше, бас айналу, талып қалу, бас ауыру сияқты тіркелген уақытша ауру белгілері иммундауға қатысты алаңдаушылық реакциясы болып табылады. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі және оның вакцинаға қатысы болмайды.«Маңғыстау облысындағы зерттеу жұмыстары аяқталғанша иммундаудан кейін орын алған оқиғалардың себептері жөнінде ешқандай болжам айтуға болмайды. Қазақстан үкіметі қызылшаға қарсы екпе жүргізуді уақытша тоқтату туралы жауапты шешім қабылдады. Шара 2 наурызда жалғасын табады деп ойлаймыз. Айта кететін жайт, Қазақстанда екпе жасалмаған немесе толық жасалмаған балалар мен жастар арасында қызылша ауруын жұқтыру тәуекелі әлі сақталып отыр. Аталған шараның мақсаты - осы тәуекелді азайту»,-деп мәлімдеді ДДҰ Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі, доктор Мелита Вуйнович. Айта кетейік, биылғы 19 ақпандағы жағдай бойынша, елімізде 15-19 жас аралығындағы 500 мыңдай адамға екпе жасалды. Солардың ішінде бүгінгі күнге дейін Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында жалпы 120-ға жуық адам бас айналу, бас ауыру, аяқ-қолының ұйуы, дене қызуының көтерілуі сияқты шағымдармен дәрігерлерге хабарласқан. Көп жағдайда олардың иммундау шарасына қатысы жоқ, жасөсіпірімдерге тән психоэмоционалдық тұрақсыздықты есепке алғанда жеке сезімталдықтың көрінісі ретінде бағалануда. «Осыған орай ДДҰ бастапқы бағалау нәтижелерімен келіседі, бұл оқиғалар вакцинаны пайдаланумен байланысты болмауы мүмкін. Вакцинаның сапасы мен қауіпсіздігіне күмәндануға ешқандай себеп жоқ», - деп атап көрсетті доктор Вуйнович. Шағымданғандар екпе жасалғандардың жалпы санының 0,02% құрайды, ал ДДҰ мәліметінше, мұндай жағдайлар 15%-ға дейін жетуі мүмкін және орынды. Қалыптасқан жағдайды зерттеу үшін еліміздің барлық өңірлерінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің, Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитетінің, республикалық медициналық ұйымдар мамандарының қатысуымен жұмыс комиссиялары құрылып, жұмыс істеуде. Жағдайды қосымша зерттеп, бағалау үшін ДДҰ мамандары тартылды.