«Қызжылаған» қойылымы: Мәңгілік бала бейнедегі Еңлік көрермендермен жүздесті

АСТАНА.ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» пьесасы негізінде «Қызжылаған» қойылымының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қызжылаған» қойылымы: Мәңгілік бала бейнедегі Еңлік көрермендермен жүздесті

«Қанаттылар» инклюзивті театры сахналаған «Қызжылаған» қойылымы ерекше режиссерлық шешімімен көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, көздеріне жас үйірді.

«Қызжылаған» – Семей ядролық полигонынан мүгедек болып, өспей қалған қыз өмірі жайында. Сахналық қойылым – ядролық сынақ полигонының салдары, адам мен табиғат өзара үйлесімділігі және адамгершіліктің қай дәуірде де адам жанының жауhары екені жайлы баяндайды.

Бір айта кетерлігі, қойылымның тұсаукесеріне мәнгілік бала бейненің прототипі Еңлік өзі келіп қатысты.

«Полигон кесірінен жарымжан болып қалған жандардың суреттері қойылған фотокөрмеден алғаш рет Еңліктің суретін көрдім. Бала бейнеде өспей қалған жасөспірім періште қыздың суреті маған үлкен әңгіме жаздырды. Ол спектакльге айналды, ол кинофильмге айналды, ол қуыршақ театрында ойналды. Егер Тәуелсіздік болмағанда бұндай жабық тақырыптарды мен жаза алмаған болар едім. Тәуелсіздіктің арқасында ашық жазып, жұртқа жеткізе алдық. Тәуелсіздігіміз мәңгі, ғұмырлы болсын. Мен өзім Еңлікті бүгін бірінші рет өмірде көріп тұрмын, айналайын ғұмыр жасың ұзақ болсын, періше қыз!» - деді Роза Мұқанова.

Қойылымды тамашалаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі шығармашылық топқа шынайы алғысын жеткізді.

«Тебіреніске толы керемет қойылымды көрдік. Біз қасіретімізді қасиетімізбен жеңген халықпыз. Осындай керемет шығарма үшін Роза апайға алғыс айтамын. Осы туындыны орындаған «Қанаттылар» инклюзивті театрының өнерпаздарына ризашылығымды білдіремін. Біз сіздермен мақтанамыз, сіздердің шын мәнінде қанаттарыңыз бар. Осындай тазалықтарыңызбен, шынайы өнерлеріңізбен қалықтай беріңіздер», - деді министр.

Айта кетейік, қойылымның режиссері - Максим Абзалбек , «Қанаттылар» инклюзивті театрының жетекшісі - Арнұр Ысқақов.