Льеждегі қайғылы оқиға: 6 адам қаза болды, оның ішінде бір сәби бар, 120-дан астам адам жарақаттанды

ЛЬЕЖ-БРЮССЕЛЬ. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Бельгиялық Льеж қаласында кеше болған қайғылы оқиғаның салдарынан 6 адам мерт болды, соның ішінде 23 айлық сәби бар, 120-дан астам адам жарақаттанды, деп хабарлады жергілікті құқық қорғау органдары.

Льеждегі қайғылы оқиға: 6 адам қаза болды, оның ішінде бір сәби бар, 120-дан астам адам жарақаттанды

Бельгия ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Петер Мертенс атап өткендей, бұл оқиға лаңкестік емес. Сонымен қатар ол бұл қылмыс неге лаңкестік еместігін, қылмыскердің іс-әрекетінің себебін түсіндірген жоқ

Бельгия ІІМ-нің мәліметтері бойынша, 32 жастағы қаскөй Нордин Амрани жалғыз өзі әрекет еткен. Бұдан бұрын ол қаруды заңсыз сақтағаны және үйінде қарасора өсіргені үшін 5 жылға бас еркінен айрылған болатын.

Жергілікті полиция оқиғаның қалай болғанын анықтады. Жергілікті уақыт бойынша 12:30-да көшеде адамдар аса көп қарбалас кезде Сен Ламбер алаңында қолында сөмкесі бар адам пайда болған. Ол автобус аялдамасына қатарынан төрт гранат лақтырып, содан кейін сөмкесінен «FN FAL» автоматты винтовкасын алып, адамдарға қарай бірнеше оқ атқан. Оқ-дәрі таусылғаннан кейін ол қашуға әрекет жасамай, өзін өзі атып өлтірген.

Бұдан кейін полиция Льеждің бүкіл орталығын қоршап алды. Адамдарды және барлық күмәнді заттарды тексеру басталды. Лаңкестікке қарсы жоспар құрылып, қоғамдық ғимараттарда, сондай-ақ мектептер мен балабақшаларда қосымша қауіпсіздік шаралары қолға алынды. Оқиға орнына Бельгия королі Альберт ІІ және елдің жаңа премьер-министрі Элио ди Рупо келді.

Қазіргі кезде алты адам қаза болған, 120-дан астамы жараланған деп саналады. Алайда мерт болғандары саны көбеюі мүмкін, өйткені жараланғандардың бірнешеуі ауыр халде жатыр.

Полиция Н.Амранидің бейбіт тұрғандарға оқ атуының жай-жапсарын анықтауда.