Л.Сүлеймен: Сайлау комиссияларының іс-әрекеттеріне не әрекетсіздігіне байланысты шағым түскен жоқ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сайлау комиссияларының іс-әрекеттеріне не әрекетсіздігіне байланысты шағым түспеді. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен мәлім етті.
«Кезектен тыс президенттік сайлауды байқау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясынан сайлау үдерісінің барлық кезеңдерін қамтитын 142 сұрақ келіп түсті. Жалпы алғанда, миссия сарапшыларына 50-ден астам құжат, сондай-ақ ақпаратық және анықтамалық материал берілді», - деді Л.Сүлеймен.
Сонымен қатар оның атап өтуінше, 24 сәуірдегі жағдай бойынша Ортсайлаукомға азаматтар мен заңды тұлғалардың 94 өтініші келіп түсті. Олар кандидаттардың, сайлаушылардың және басқа да сайлау үдерістеріне қатысушылардың құқықтарын өрескел бұзу фактілерін қамтымаған және негізінен сайлау туралы заңнама нормаларын түсіндіруді сұраған. Барлық өтініштер белгіленген мерзімде және заңнамаға сәйкес қаралды.
«Сайлау комиссияларының іс-әрекеттеріне не әрекетсіздігіне шағымдар Орталық сайлау комиссиясына келіп түскен жоқ. Алайда, сайлауға байланысты бір шағым Алматы қаласының аудандық сотына және үшеуі Жоғарғы Сотқа берілді. Олар іс жүргізу нормаларына сәйкес қаралды», - деді ҚР ОСК мүшесі.