Льюис Хэмилтон «Формула-1» жарысының жеті дүркін чемпионы атанды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Мерседес» командасындағы британдық пилот Льюис Хэмилтон 2020 жылғы «Формула-1» автожарысы бойынша мерзімінен бұрын әлем чемпионы атағын иеленді. Ол Түркиядағы Гран-при бәсекесінде бірінші орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC-ге сілтеме жасап.
Екінші орынды «Рейсинг Пойнт» командасының мүшесі мексикалық Серхио Перес еншіледі. Үшінші болып «Ферарри» командасынан неміс Себастьян Феттель келді.
Осылайша Хэмилтон «Формула-1» жарысының жеті дүркін чемпионы атанды. Сөйтіп ол аты аңызға айналған неміс Михаэль Шумахермен теңесті. Бұдан басқа британдық «корольдік жарыстардың» рекордшысы атанды. Барлық санаттарда ол Шумахердің жетістіктерінен асып түсті.
Айта кетсек, Льюис Хэмилтон «Формула-1» жарысына 2007 жылы «Макларен» командасының құрамында алғаш рет қатысқан болатын. Бірінші рет ол 2008 жылы әлем чемпионы атанды, ал 2013 жылы «Мерседес» командасына ауысып, онда алты титул (2014-2015, 2017-2020) ұтып алды.