Ла Лига басшысы Мбаппенің сөзі үшін Қытайдан кешірім сұрады
АСТАНА. KAZINFORM — Мбаппенің сөзі Қытайда сынға ұшырап, Ла Лига басшысы кешірім айтуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Еuronews.
Бәрі 26 қазанда, дүйсенбі күні Мбаппенің The Bridge шоуына берген сұхбаты эфирге шыққаннан кейін басталды. Әңгіме барысында футболшы түрлі сұрақтарға әзіл-қалжыңмен жауап берген. Соның бірі: «Сені ең қатты күлдірген мем қайсы?» деген сұрақ болды.
Мбаппе өзін ең көп күлдірген мемде оның бет-бейнесі «әлдебір адамның, шамасы, Қытай диктаторының» портретіне қойылғанын айтты. Алайда футболшы Мао Цзэдунның есімін тікелей атамаған.
Мао Цзэдун — Қытай Коммунистік партиясының жетекшісі әрі Қытай Халық Республикасының негізін қалаушы. Қытайда оны мемлекеттің негізін қалаған тұлға ретінде құрметтейді, ал оның бейнесі сынға ұшыратуға болмайтын тақырыптардың бірі саналады.
Мбаппе бірнеше демеушісімен келісімшартынан айырылуы мүмкін
Футболшының сұхбаты Қытайда үлкен наразылық тудырды. AFP агенттігінің мәліметінше, Қытайдың ең ірі әлеуметтік желісі Weibo қолданушыларының бірі: «Егер бұл елде бизнес жүргізгің келсе, бізді құрметтеуді үйрен», — деп жазған.
Спортшының демеушілері де оның сөзіне наразылық білдірді. Сейсенбі күні олардың үшеуі — Dongpeng сусын өндірушісі, Mengniu сүт өнімдері компаниясы және Milkground ірімшік өндірушісі — Килиан Мбаппемен жарнамалық келісімшарттарын дереу бұзатынын мәлімдеді.
— Біздің компания ұлттық сезімдерді қорлайтын кез келген әрекетке мүлдем төзбеу саясатын ұстанады, — делінген Dongpeng компаниясы мәлімдемесінде.
Ал Mengniu компаниясы Мбаппемен ынтымақтастықтың барлық түрін дереу тоқтататынын хабарлады.
Бұл жағдайға Қытай Сыртқы істер министрлігі де пікір білдірді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, «Қытай халқының сезіміне тиетін сөздер қоғамның барлық топтарының қарсылығын тудырмай қоймайды».
Қытай Испания чемпионатының матчтарын көрсетуді тоқтатты
Қытайдың орталық телеарнасы Мбаппе қатысатын Испания чемпионаты — Ла Лига матчтарының көрсетілімін уақытша тоқтатты.
Өз кезегінде Ла Лига президенті Хавьер Тебас әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, Қытайдан кешірім сұрады.
Desde LALIGA lamentamos profundamente las declaraciones de Kylian Mbappé que han causado malestar y ofensa en China. Entendemos el daño ocasionado y, en nombre de LALIGA, quiero trasladar nuestras sinceras disculpas al pueblo chino. Durante muchos años hemos construido una relación de respeto, confianza y cooperación con China, sus autoridades, sus instituciones deportivas, sus operadores audiovisuales y millones de aficionados al fútbol español. No podemos permitir que una actuación individual empañe esa relación ni perjudique a los más de 20 clubes de nuestras competiciones profesionales y a millones de aficionados chinos. Estamos adoptando las medidas a nuestro alcance y trabajando directamente con nuestros socios e interlocutores en China para superar esta situación. Nuestro compromiso con China, su pueblo y sus instituciones es firme. Una relación construida durante tantos años no puede quedar dañada por un episodio individual.
— Javier Tebas Medrano (@Tebasjavier) October 27, 2026
— Килиан Мбаппенің Қытайда жағымсыз сезім мен реніш тудырған сөздеріне қатты өкінеміз. Оның қандай зиян келтіргенін түсінеміз, — деп жазды ол.
Тебастың айтуынша, Ла Лига жағдайды реттеу үшін барлық мүмкін шараны қабылдап, Қытайдағы серіктестерімен және әріптестерімен тікелей жұмыс істеп жатыр.
— Біздің Қытайға, оның халқына және мемлекеттік мекемелеріне деген құрметіміз өзгермейді. Көп жыл бойы қалыптасқан қарым-қатынас бір ғана оқиғаның кесірінен бұзылмауы керек, — деп атап өтті Ла Лига басшысы.
Бұл жанжал Мбаппенің Қытайдағы миллиондаған жанкүйерінен айырылуына әкеп соғуы мүмкін. Бұған дейін «Реал» шабуылшысы бұл елде үлкен танымалдыққа ие болған.
Қытайлық жанкүйерлер Мбаппені «Ниндзя тасбақалар» мультсериалындағы Донателлоға ұқсастығына байланысты еркелетіп «Гуйгуй» (тасбақа) деп атаған.
Соңғы әлем чемпионаты кезінде Қытай көрермендеріне Франция құрамасының капитаны Dongpeng энергетикалық сусынын ішетін жарнама жиі көрсетілген еді.
Бұдан бұрын Қытайда Мбаппе қатысқан матчтар мен жарнамаларды көрсету тоқтатылғанын жазғанбыз.