Ла-Манш бұғазынан өтпек болған бес мигрант қаза тапты

Ла-Манш бұғазынан өтпек болған бес мигрант қаза тапты
Фото: Orietta Scardino/ZUMA Press/IMAGO

АСТАНА. KAZINFORM – Бес мигрант Ұлыбританияға жету үшін адам толы қайықпен Ла-Манш арнасын кесіп өтпек болып, Франция жағалауында қаза тапты. Олардың денеcі сейсенбі күні Францияның солтүстігіндегі Вимереу жағажайынан табылды. Жүзге жуық адам құтқарылды, деп хабарлайды Euronews. 

Пас-де-Кале департаментінің префектурасынан атап өткендей, сол түні теңіз тыныш, ауа райы ашық болды. Мигранттардың қайығы құм жағасына соғылып, аударылып қалған деп болжанып отыр.

Қайғылы оқиға Ұлыбритания парламенті ұзаққа созылған пікірталастардан кейін пана іздеушілерді Руандаға депортациялауға рұқсат беретін заң қабылдағаннан күннің ертесіне болды. Корольдік билік елге теңіз арқылы келетін босқындар ағынымен осылайша күресуге тырысып жатыр: тек 2023 жылы олардың саны 30 мыңға жуықтаған.

Риши Сунак үкіметі заңсыз мигранттар Руандаға келіп, Ұлыбританияға көшу жоспарынан бас тартуға мәжбүр болатынына үміттенеді.

Британ премьер-министрінің айтуынша, пана іздеушілер мінген алғашқы ұшақтар екі-үш айдан кейін Кигалиге ұшып, олардың өтініштерін Орталық Африкадағы осы елдің билігі қарайды.

Консервативтік жоспарға оппозициялық лейбористер де, құқық қорғаушылар да қарсы шықты. Еуропалық Адам құқықтары жөніндегі комиссары Майкл Флаэрти британ үкіметін бұл заңды жоюға шақырып, босқындардың Руандаға депортациялануы адам құқықтарына қатысты алаңдаушылық тудыратынын баса айтты.

Соңғы жаңалықтар