Ла-Маншты қайықпен кесіп өтпек болған 5 мигрант қаза тапты, бірнешеуі ес-түзсіз жатыр

ПАРИЖ. ҚазАқпарат - Франция жағалауында заңсыз жолмен Ұлыбританияға Ла-Манш арқылы өтпек болған мигранттардың қайығы апатқа ұшырап, кем дегенде бес адам қаза тапты. Бұл туралы ҚазАқпарат AFP агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ла-Маншты қайықпен кесіп өтпек болған 5 мигрант қаза тапты, бірнешеуі ес-түзсіз жатыр

Франция ішкі істер министрлігіндегі дереккөздің айтуынша, Париж уақытымен 14:00 шамасында бір балықшы Кале қаласы аумағындағы Ла-Манш арнасынан он беске жуық адамның табылғаны туралы хабарлаған. Құтқару операциясы кезінде бес адамның көз жұмғаны анықталды, тағы бес адам ес-түссіз жатқан.

Келеңсіз жағдайға байланысты елдің ішкі істер министрі Джеральд Дарманен оқиға орнына аттанды.

Ла-Манш пен Пас-де-Кале арқылы өтуге әрекеттенген заңсыз мигранттардың саны үнемі өсіп келеді. Аймақ теңіз префектурасының мәліметі бойынша, биыл 1 қаңтар мен 31 тамыз аралығында Франция жағалауынан Ұлыбританияға теңіз арқылы жетуге 15,4 мың заңсыз мигрант әрекеттенген.


Иллюстрациялық сурет