Ла Маншты қайықпен кесіп өтпек болған төрт адам көз жұмды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сәрсенбі күні таңертең Ла Маншта мигранттар мінген қайық апатқа ұшырап, кем дегенде төрт адам қайтыс болды. Ұлыбритания жүргізген құтқару операциясының нәтижесінде 43 адам құтқарылды, олардың 30-ы судан шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.
Аязды ескере отырып, зардап шеккендердің саны артуы мүмкін деп болжам бар.
Сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні бұл аймақтағы ауа температурасы 1°C-қадейін төмендеді, су температурасы +12°C.
Қайық Гринвич бойынша түнгі сағат үш шамасында Дуврдан 50 км қашықтықта Дандженесса жағалауында апатқа ұшырады.
Ұлыбритания мен Франция сәрсенбі күні таңертең ауқымды құтқару жұмыстарын жүргізді.
Ұлыбританияның жағалау күзеті, Франция әскери-теңіз күштері және санитарлық авиация көмекке жіберілді.
Осы ауданда орналасқан балық аулау қайығы мен тікұшақтар да жұмылдырылды.
«Бүгін таңертең маған қайғылы оқиға туралы хабарланды. Мені үнемі хабардар етіп отырады, біздің агенттіктер барлық фактілерді шұғыл түрде анықтайды», - деп атап өтті ішкі істер министрі Суэлла Браверман.
Қайықта Франциядан су арқылы Ұлыбритания шекарасын кесіп өткен мигранттар болған болуы мүмкін.
Бұл ауқымды құтқару операциясы – өткен қарашада Франциядан Ұлыбританияға бет алған 27 мигрант мінген қайық суға батып кеткеннен бергі бірінші операция.
Жұмадан жексенбіге дейін Ла-Манш арқылы Ұлыбританияға 460 адам қайықпен жеткен, ал биыл олардың жалпы саны 45 мыңға жуықтады.
Сейсенбі күні премьер-министр Риши Сунак шағын қайықпен жасалған заңсыз көші-қонның алдын алу үшін жаңа шаралар қабылданатынын жариялады.
Парламентте сөйлеген сөзінде премьер-министр мигранттарды су арқылы заңсыз тасымалдауға қарсы күресетін арнайы топ құру жоспарланып отырғанын айтты.
Бұл бөлімге қайықтарды барлау мен ұстауды үйлестіретін әскери және азаматтық мамандар бірігеді.
Фото: bbc.com