Лагерлер екінші дүниежүзілік соғыстан да қасіреті оқиға – КарЛаг-та дүниеге келген режиссер

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтар Қарағайлы саябағында орналасқан ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Шараға Алматы әкімі Ерболат Досаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, белгілі тарихшылар, ғалымдар, қала тұрғындары мен жастар қатысты.

Жиналғандар ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Қаза болған азаматтардың рухына тағзым етуді парыз санаған азаматтардың бірі КарЛаг-та дүниеге келген кинорежиссер Геннадий Земель.

Оның айтуынша, ГУЛАГ біреулер үшін жай ғана тарих болса, ол үшін сайрап жатқан балалық шақтың елестері.

«Бұл жайлы айту мен үшін өте ауыр. Әкем мен анам сол абақтыда танысқан болуы керек. Әкемнің жаза өтеу мерзімі өмірлік десе де болады. Анамның айтуынша, мен лагерде 1 жыл, 2 айдай болыппын. Мұнан соң анам екеумізді қоныстандырған көрінеді. Содан соң біз Долинки ауданына көшіп барыппыз. Біз қоныстанған жер «Тазаянка» деп аталды. Онда жеркепеде тұрдық. Ол кезден суреттер қалмағанымен, сол кездің сұрғылт та жабырқау тіршілігі көз алдымда. 1957 жылы Топарское лагері жабылды, қоршаған сымдар алынып тасталды. Сөйтіп, елді мекен Топар деп атала бастады. Менің балалық шағымның сәттері барлығы сонда қалды», – дейді кинорежиссер.

Оның айтуынша, миллиондаған адамдардың қасірет ошағына айналған лагерлер адамзат тарихының ауыр да қайғылы беттері. Оның ащы шындықтарын айту көп адамдарға оңайға соқпайды.

«Бұл сол кездегі адамдардың қайғысы. Олар бізді құтқару үшін ГУЛАГ-та, Карлагта көрген азаптарын, адамдардың адамдарға жасаған әрекеттерін айтпай, ішке бүгіп өздерімен бірге алып кетті. Олар адамдарға сену қасиетінен мәңгіге айрылған. Біз бұған түсіністікпен қарауымыз керек. Лагерлер екінші дүниежүзілік соғыстан да қасіреті ауыр оқиға», – дейді Геннадий Земель.

Жазушы Елубай Смағұл келесі жылы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасын өзгеше өткізуді ұсынды.

«2023 жылы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын суретін қолымызға ұстап, қала көшелерімен жүріп өтуіміз керек. Халық нәубет жылдары опат болған адамдарды қайғырып еске алуы қажет. Келесі жылы «Мәңгілік халық» деген шеру өткізейік»,- дейді Елубай Смағұл.

Айта кетейік, Алматыдағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш 2017 жылы 31 мамырда салтанатты түрде ашылған болатын. Бүгін – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.



Соңғы жаңалықтар