Лак-бояу өнімдері нарығындағы қазақстандық компаниялардың үлесі ұлғаймақ
АЛМАТЫ. 5 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанның лак-бояу өнімдері нарығында отандық компаниялардың үлесі 12-15 пайызды құрайды.
Бұл жайлы "Держава" корпорациясы" ДШС-нің Бас директоры Нариман Мамедов бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты.
"Қазір лак-бояу өнімдерінің 85-88 пайызы шетелден әкелінеді. Біздің үлесіміз - 7 пайыз. Қазіргі кезде айналым қаражатының жетіспеушілігінен өндіріс орны өз әлеуетінің 40 пайызын ғана пайдаланып отыр. Ал жылдық қуатымыз 12,7 мың тоннаны құрайды. Жаңа инвестордың көмегімен енді алдағы 2 жылда жобалық қуатымызды толық іске қоспақпыз ", - дейді Н. Мамедов. Оның айтуынша, қазақстандық өндіруші алдағы уақытта жаңа желілер ашып, жаңа өнім түрлерін өндіру арқылы лак-бояу шығаратын қазақстандық басқа компанияларды жартылай фабрикаттық шикізатпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Отандық компаниялардың үлесін өсіру мақсатында олар қазақстандық өзге өндірушілермен іскерлік қарым-қатынастарды тереңдетпек.