Лаңкестер Қазақстандағы тыныштық пен тұрақтылықты бұза алмайды

АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Мұрат Төлебеков/ - Бұл күндері бүкіл қазақстандық халық маңызы зор оқиға - еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеуге әзірленуде. Өкінішке орай, бүгінде біз осы заманғы ең қауіпті қатер - лаңкестікпен бетпе-бет келіп тұрмыз.

Лаңкестер Қазақстандағы тыныштық пен тұрақтылықты бұза алмайды

Лаңкестік - Қазақстан үшін жат құбылыс, ол біздің бүкіл дәстүрімізге қарама-қайшы, қоғамымызда оның тарихи тамырлары жоқ.

Біздің мемлекетіміз тәуелсіз дамуының бүкіл 20 жылы бойы қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, ұлысаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға бағтталған саясат жүргізіп келді. Ұлыстар мен діни қауымдастықтар арасындағы өзара қатынастардың қазақстандық моделінің негізі толеранттықта жатыр - яғни бұл салт-дәстүрлерімізге құрметпен қарау, еліміздің барлық азаматтарының діни наным-сенімін еркін таңдау құқығын тану деген сөз.

Еліміз тәуелсіздік жылдарындағы тұрақты әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының арқасында өз аймағында көшбасшыға айналды. Қазақстан дербес саясат жүрізуде, ол көрші елдермен өз қатынастарын теңдік, достық және тату көршілік принциптерінде құруда. Дегенмен тәртіп пен заңдылықты қолдайтын Қазақстанның күшті мемлекет болғанын қаламайтын күштер де бар. Әсіресе Кедендік Одақ құрылуымен және Қазақстанның оңтүстік шекараларын нығайтуымен байланысты еліміз есірткі ағынына елеулі тосқауыл қоюда, тиісінше, бұл жерде кейбір криминалдық құрылымдардың мүдделеріне салқын тигізуі мүмкін екендігін де жоққа шығаруға болмайды. Және бұрын істі болған әсіре діншілдердің қызметі де елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталып отыр, яғни бұл да жойдасыз осындай күштерге дем беруге пайдалы болуы да ғажап емес.

Бұндай жағдайда барлық қазақстандықтар елімізде болып жатқан лаңкестік актілер мемлекетке, мемлекеттік органдарға ғана көрсетіліп отырған доқ емес екенін түсінуі тиіс. Бұл - біздің бүкіл қоғамымызға сес көрсету. Лаңкестердің әрекеті біздің халқымыздың көптеген ұрпақтары ғасырлар бойы жасаған достыққа, тату көршілікке, толеранттыққа қарсы селкеу түсіруге бағытталған. Лаңкестер қоғамымызда мемлекеттің күшіне сенімсіздік, күмән туғызуды, сайып келгенде, бізді болашағымызға деген сенімімізден айыруды көздейді. Сондықтан да лаңкестікке қарсы тұруда бір ғана күш-қуат құрылымдарының әрекеті жеткіліксіз. Қоғам лаңкестіктің пайда болуының кез келген қандай да болмасын формасын болдырмау және оның жолын кесу жолындағы жұмыстарға белсене тартылуы тиіс. Бірлескен күш-жігерімізбен ғана лаңкестікке тойтарыс бере аламыз. Содырлармен және экстремистермен күресті көп жылдар бойы жүргізіп келе жатқан елдердің тәжірибесі де осыған үндейді. Лаңкестікті айыптайтын және оған қарсы тұруға даяр адамдардың жұдырықтай жұмылған белсенді ұстанымы лаңкестердің өз мақсаттарына жетуіне ешбір мүмкіндік бермейді.

Қазақстанның әрбір азаматы қырағылық пен жауапкершілік көрсетіп, мемлекеттің қылмыстың алдын алуға бағытталған шараларына қолдау көрсетуі тиіс. Бұл жерде бұқаралық ақпарат құралдарына ерекше жауапкершілік жүктеледі, олар азаматтарға дер кезінде қажетті барлық шынайы ақпаратты уақытында жеткізіп, лаңкестердің жетегінде кетпеуі, үрейлі көңіл-күйді таратуға жағдай жасамауы тиіс. Ерікті немесе еркінен тыс қиын жағдайға душар болған бейбіт азаматтар үшін әлемдік тәжірибеге негізделген өзін өзі ұстай білу қағидалары бар. Осы қағиданы ұстанған кез келген адам өзінің өмірін ғана сақтап қомайды, сонымен қатар басқа адамдардың да өмірін сақтап қалуға көмектесе алады. Егерде қатер туындаса немесе лаңкестік акті жасалған болса, шұғыл түрде 102 телефоны арқылы хабар беру қажет.

3 желтоқсанда Алматы маңындағы Боралдай ауылында болған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері мен қылмыстық топ арасында болған атыс бүкіл елді түршіктірді. Күш-қуат құрылымдарының өкілдері бұдан бұрын Алматыда екі полицейді өлтірген «құдайшыл бандиттерді» біреулер қаржыландырып, қолтығына су бүркіп отыр деп санайды. ҰҚК екі қызметкерінің қанын жүктеген қаскөйлердің көзі жойылды. Сөйтіп, жаңа лаңкестік актілер жасауға әзірленген қылмыстық топтың жолы кесілді.

Қазақстандықтар лаңкестермен күрес үздіксіз және ымырасыз жүргізілетініне сенімді болуы тиіс. Құқық қорғау органдары біздің еліміз азаматтарының денсаулығы мен өмірін қорғау, елде тәртіп пен тұрақтылықты сақтау үшін қолдан келгеннің барлығын да істейді.