Лаңкестерден қауіптенген Пакьяо жанұясының күзетін күшейтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сегіз салмақ дәрежесіндегі бокстан бұрынғы әлем чемпионы Мэнни Пакьяо лаңкестерден сескеніп, жанұясының күзетін күшейтті.
Бұл туралы 28 сәуірде боксшының өзі хабарлады, деп жазды Lenta.ru Times LIVE-ке сілтеме жасап.
Филиппин президенті Бенигно Акино «Абу-Сайяф» тобының лаңкестері Мэнни Пакьяо немесе оның балаларының бірін ұрламақ болғанын мәлім етті.
«Президенттің мәлімдемесін естіген соң мазам кетті. Филиппиндердің барлығын досым деп есептегендіктен, таңданып отырмын. Барлығына, әсіресе, мұсылмандарға деген қарым-қатынасым жақсы. Осы хабарламадан соң жанұямның күзетін күшейттім», - деді Пакьяо.
10 сәуірде Пакьяо спорттық жолындағы соңғы жекпе-жегінде америкалық Тимоти Брэдлиді сүріндірді.
37 жастағы боксшы 58 рет жеңіске жетіп (38 нокаутпен), алты рет жеңілді және екі рет қарсыласымен тең түсті.
Қазір Пакьяо Филиппин сенатына кандидатурасын ұсынған, сайлау мамыр айында өтеді.