Латвияның жаңа Президенті Эгилс Левитс билікке қалай келді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 29 мамыр күні Латвияда жаңа Президент сайланды. ҚазАқпарат тілшісі Эгилс Левитстің өмірі мен еңбек жолына жергілікті БАҚ мәліметтеріне сүйене отырып, талдау жасады.

Латвияның жаңа Президенті Эгилс Левитс билікке қалай келді

Айта кетерлігі, жаңа мемлекет басшысына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хат жолдағанын бұған дейін хабарлағанбыз.

Латвияда мемлекет басшысын Парламенттің 100 депутаты сайлайды. Еуропаға танымал заңгер, халқын еуропалық құндылықтар мен латыш тілінің маңына топтастыруды көздейтін Эгилс Левитсті 61 депутат қолдап дауыс берген.

Сонымен, Эгилс Левитс кім? Латвия басшысы биыл бірінші рет ашық дауыс беру арқылы сайланғанын айту керек. Эгилс Левитс 2015 жылы да сайлауда бақ сынап, соңғы айналымда сүрінген болатын. Ол кезде «Ұлттық бірлестік» партиясының атынан сынға түссе, бұл жолы коалиция атынан шыққан жалғыз кандидат болды.

Латвиялық сайттар оның аты президентікке үміткерлер қатарында 2007 жылдан бері шыға бастағанын жазады. Алайда, Парламент қабырғасында жақтастарының аз болуы оны үлкен додадан шет қалдырып келген.

BBC-ге берген сұхбатында жаңа Президент өзін «партиясызбын» деп атап, ешкімге бүйрегі бұрмай, обьективті саясат жүргізуге уәде берген.

«Мен әлеуметтік тұрғыдан қарайтын салалар бар. Мұнда теңсіздікті жою қажет. Аз қамтылғандарды қолдау - мемлекеттің міндеті. Сөйте тұра мен либералмын. Өйткені, адам құқығы біздің ел үшін басты құндылық болу керек. Керек кезде мен ескішілмін. Жаңа идеяны қолдамас бұрын оның ескісінен артық екеніне көзім жетуі керек. Мен ұлтшылмын да. Бүгінгі қоғамда ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызы зор деп ойлаймын. Мен Латвияда бір ғана тіл үстемдік құрып, бір ғана білім беру жүйесі болғанын қалаймын», - дейді Эгилс Левитс.

Ол 1955 жылы Рига қаласында дүниеге келген. Орыс және латыш мектептерінде білім алған. 1972 жылы отбасы Германияға қоныс аударып, Гамбург университетінде саясаттану және құқықтану мамандығын игерген. Сексенінші жылдардың аяғында Левитс Латвиядағы саясатқа тікелей араласа бастайды. Дербес ел болуды көздейтін Атмода қозғалысының жұмыстарына белсене араласқан заңгер «Латвия тәуелсіздігін қалпына келтіру» декларациясының авторы ретінде ел көңілінен шыққан. Тоқсаныншы жылдардың басында әділет министрі, Парламент депутаты болып істеген ол Латвияның Германия мен Аустриядағы, Швейцариядағы елшісі қызметтерін абыроймен атқарған. Соңғы 15 жылда Еуропа одағы сотының судьясы ретінде Люксембургте тұрды.

Заңгер ретінде әкімшілік-процессуалдық кодекс пен мемлекеттік басқару туралы заңды дайындауға атсалысқан Эгилс Левитс енді тұрмыстық күш көрсету мәселесін түбірімен жоюға бекініп отыр. Бала мен әйел құқығын қызғыштай қоруға уәде берген жаңа президент жұбайымен бірге бір ұл, бір қыз тәрбиелеген. Жасы - 63-те.