Латын әліпбиіне қатысты пікірталасты интеллектуалдық деңгейге көтеру қажет - Ерлан Саиров
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы «Тұран» университетінде қазақ тілін латын графикасына көшіруді талқылауға арналған қалалық Қоғамдық кеңестің отырысы өтіп жатыр. Жиында сөз алған саясаттанушы Ерлан Саиров латын әліпбиіне көшуді тәуелсіздікпен тең, гуманитарлық қадам ретінде қарастыру қажет деген пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Латын әліпбиіне көшудің қажет екенін қазақ түсінді. Қазіргі уақытта латынға өтудің әдіс-тәсілдері талқыланып жатыр. Жасымыз бар, үлкеніміз бар бұл мәселеде ортақ пікірге келеміз деп үміттенемін. Менің ойымша, латын әліпбиіне көшу мәселесін тәуелсіздікке пара-пар, егемендікпен тең көріп, үлкен гуманитарлық қадам ретінде қабылдауымыз керек. Осы тұрғыдан қарағанда, пікірталастың өзін интеллектуалдық деңгейге көтеру қажет», - деді Ерлан Саиров.
Сонымен қатар, Ерлан Саиров ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында латын әліпбиімен қазақ мәдениеті, руханияты сапалы деңгейге өтеді деген пікір білдірді.
«Мемлекеттік комиссия құрылады. Онда қазіргі қоғамда айтылып жатқан пікірлер жинақталып, бір ортақ қорытындыға келісімге келеді деп ойлаймын. Ұсыныстардың барлығы сарапталады. Бұл - үлкен мәдени, рухани қадам. Латын әліпбиін қоғамның қызу талқылауының өзі бұл мәселенің қоғам үшін маңызды екенін көрсетеді. Алдағы екі жылда графика бойынша да өзгерістер болуы мүмкін. Ең бастысы - бұл маңызды саяси қадам», деді Ерлан Саиров.
Қоғамдық кеңесте Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол, Тілешов, Халықаралық ақпараттық технологиялық университетінің ректоры, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Дамир Шыныбеков, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Асқар Умаров, саясаттанушы Айдос Сарым баяндама жасап, пікір білдірді.