Латын әліпбиіне көшу шұбар тілден арылуға мүмкіндік береді - Ж. Теберіков

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Латын әліпбиіне көшу шұбар тілден арылуға мүмкіндік береді.  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына орай талдықорғандық зейнеткер, тіл жанашыры Теберіков Жекен Молдағалиұлы осындай пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Латын әліпбиіне көшу шұбар тілден арылуға мүмкіндік береді - Ж. Теберіков

«Бүгінгі жаһандану заманында төрткүл дүниенің барлық саласында күнделікті өзгерістер болып жатқанына баршамыз куәміз. Сынаптай сырғып өтіп жатқан өміріміздің кезек күттірмейтін мәселесі Елбасының 2012 жылғы желтоқсанда жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігі» туралы мәлімдемесі болатын. Кеше ғана Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды және 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдауды тапсырды. Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру рухани өміріміздегі елеулі оқиғалардың бірі болғалы отыр. Латын әліпбиін қазіргі заманда әлем жұртшылығының 70 пайызға жуығы қолдануда. Бүкіл дүниежүзілік қауымдастықтың көпшілігімен еркін қарым-қатынас жасап, әлемдік ақпараттық кеңістікке кең жол ашуымызға мүмкіндік береді».

Сондай ақ зейнеткердің пікірінше, латын әліпбиіне көшу шұбар тілден арылуға, түркі әлемінің жазу жүйесінде және әлемдік ақпаратты алмасуда бірізділікті сақтауға мүмкіндік береді. Бұл шара жалпы халықтық іс, керек десеңіз ұлттық мәселе екенін баршамыз түсініп, әр қазақстандық өз үлесін қосуға тиіс. Әрқайсымыздың отансүйгіштігіміз, тілімізге деген құрмет нақ осындай киелі істе көрініс табары анық, дейді зейнеткер.