Латын әліпбиіне көшудің шығыны шаш етектен дегендерге қарсымын - Шайх Қазыбек

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қалалық қоғамдық кеңестің отырысында латын әліпбиіне көшу мәселесі талқыға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Латын әліпбиіне көшудің шығыны шаш етектен дегендерге қарсымын - Шайх Қазыбек

Кеңес мүшелері, сарапшылар аталған тақырыпта өз пікірлерін білдірді.

Қоғамдық кеңес мүшесі Қазыбек Шайх жаңа әліпбиді жасауға кететін қаржының босқа далаға шашылмай, ел экономикасында қалатынын айтты.

«Соңғы айларда латын әліпбиіне қатысты көп пікір айтылып жатыр. Әсіресе, бұл бюджетке томпақ келеді деген сөз көп. Бірақ мен айтар едім, бұл аргумент сын көтермейді. Себебі, әліпбиді ауыстыруға біз доллар жұмсамаймыз, теңге жұмсаймыз. Теңгені өзіміз жасаймыз. Бұл ақшаға мыңдаған жұмыс орындары ашылады, кітаптар қайта басылып, қала аттары, карта атаулары өзгертіледі. Мұның бәрі өз отандастарымыздың игілігіне жұмыс жасайды», - деді Қ.Шайх.

Экономистің айтуынша, қазіргі заманның адамы ақпараттың 80 пайызын интернеттен алады.

«Сондықтан, осы уақытқа дейінгі білім қоры құрдымға кетеді деген бос сөз. Қазір мұндай кітаптардың электронды нұсқасы клавиатураның бір ғана белгісін басу арқылы дайын болады», - деді ол.