Латын әрпімен білім алып келген оралман балаларды қазақ мектептерінде оқыту қиындық тудырып отыр - Г. Сейітмағанбетова

АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына депутат Гүлнәр Сейітмағанбетова сауал жолдады,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осыдан екі жарым жыл бұрын Елбасының жарлығы бойынша Маңғыстау облысы Ақтау қаласы маңындағы елді мекендер мен саяжайларға қоныстанған оралмандардың әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында Мұнайлы ауданы құрылған болатын. Содан бері аудан халқының саны 48 мыңнан 90 мыңға дейін өсті. Ауданға көрші елдерден көшіп келушілер легі бүгін де толастар емес. 2009 жылы ауданға 4 мың 414 жаны бар 990 отбасы, ал 2010 жылдың басынан бері 433 адамды құрайтын 102 отбасы көшіп келді. Олардың басым көпшілігі мектеп жасындағы балалар. Биылғы оқу жылында келген оралман балалардың санының өзі 1 мың 103-ке жетті», деді депутат.

Дегенмен, депутаттың айтуына қарағанда, оралман отбасылардың балаларын Қазақстан мектептерінде оқытуда, оларды ортаға бейімдеп, кіріктіруде бірталай проблемалар туындаған. Атап айтқанда, оралман балалардың басым көпшілігі көршілес елдерден латын әріптері бойынша білім алған. «Нәтижесінде, төменгі сыныптарды былай қойып, 8-10-11 сыныптарға келген бала кирилл әріптерін танымайтындықтан, мемлекеттік стандарт талабына сай білім ала алмай отыр. Оның үстіне, көршілес елдер мектептеріндегі оқу бағдарламалары біздің жүйемізге келмейтіндігі де қиындық тудырады», деді Г. Сейітмағанбетова. Мәселен, оның айтуынша, Түрікменстанда қазақ тілі, Қазақстан тарихы секілді пәндерді айтпағанда, орыс тілі, география, биология пәндері мүлдем оқытылмайтын көрінеді. «Сондықтан, мәселені шешу үшін оралман балаларға қосымша сабақтар оқыту қажет, бұл үшін тиісті министрліктер арқылы қаражат бөлінсе деймін. «Отаным!» деп келген жас ұрпақ өз елінде сапалы білім алуға құқылы», деді Г. Сейітмағанбетова.

Соңғы жаңалықтар