Латын қарпіне қашан көшетінімізді айту қиын – Тіл комитеті

None
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов латын қарпіне ауысу бойынша қандай жұмыстар жүргізілгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі латын графикасы бойынша жоба дайын. Бұл жоба бірнеше сараптаудан өтті. Республиканың 5 өңірінде – Астана, Алматы қалаларында, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстарында әліпбиге байланысты оқушыларға, жастарға, мемлекеттік ересек адамдарға сараптама жұмыстары жүргізілді. Орфорграфиялық жұмыс тобында отызға жуық ғалым бар. Олар еліміздің жоғары оқу орындарынан келген, осы саланың мамандары. А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты емле ережесін дайындады. Осы айдың соңында немесе келесі айдың басында арнайы құрылған комиссия латын әліпбиі жобасын қарайды», - деді Ербол Тілешов ҚР Президенті Іс басқармасында «Мемлекеттік тіл – татулық негізі» атты дөңгелек үстелде.

Ғалымның айтуынша, латын қарпіне қай жылы көшетінімізді нақты айту қиын.

«Қоғамда «латын әліпбиін әзірлеушілер үнсіз қалды, қабылданбайтын болды ма?» деген әңгімелер бар, оны әлеуметтік желіден оқып жүрміз. Анығында олай емес, дау-дамайсыз, осындай әдістемелік-зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. «Ы» мен екі «И»-дің таңбалануы бойынша ғалымдар арасында пікір қайшылығы әлі бар. Әрине, Ахмет Байтұрсынов белгілеген 28 таңбамен шығуға болар еді, бірақ тіл де жаһанданусыз тұра алмайды. Тілімізге сырттан енген «В», «Ф», «Һ» дыбыстарын қалдыру керек пе, қалдырмасақ «футбол» сөзін қалай атап, қалай жазамыз деген мәселе бар. Әріпті қалдыру сырт көзге оңай көрінгенімен, бәрі емле ережесіне сай келуі керек. Сондықтан, ғылыми-сараптау жұмыстарын күшейтіп жатырмыз», - деді Ербол Тілешов.

Айта кетейік, латын әліпбиіне көшу тақырыбы 2017 жылы көтеріле бастады.

Сол жылы 26 қазанда «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Президент Жарлығы шықты.

Былтыр Ұлытау облысында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев латын әліпбиіне көшуде жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдау керегін айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар