Латын қарпіне көшу Қазақстанды түркі елдерімен жақындастыра түседі - Якуп Өмероғлу
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Латын қарпіне көшу Қазақстанды түркі елдерімен бауырластығын тек тілінде ғана емес жазуында да жақындастыра түседі. Бұл туралы Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлу Түркістан қаласында өтіп жатқан Түркі әлемі әдеби журналдары редакторларының VІІІ конгресінде мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Конгресс барысында Қазақстанның латын қарпіне өту мәселесі қызу талқыға айналды. Онда сөз алған Якуп Өмероғлу көптеген түріктілдес халықтар латын қарпіне көшкенін атап өтті. Мұның өзге халықтармен қарым-қатынаста пайдасы болмаса, зияны жоқ.
Жиында ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ та осы мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.
«Латын әліпбиіне көшу - Сіздердің тілдеріңіз үшін жасалған игі қадам. Түркі Елдерінің ақсақалы Н.Назарбаевтың бұл бастамасы тарихта алтын әріптермен орын алары сөзсіз», - деді Фырат Пурташ.
Айта кетейік, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының аясында екі күннен бері Түркістан қаласында Түркі әлемі әдеби журналдары редакторларының VІІІ конгресі өтуде. Облыс әкімдігі мен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы, Еуразия жазушылар одағының қолдауымен ұйымдастырылып отырған басқосуға 19 елден 30-ге жуық редакторлар мен жазушылар, көрнекті мәдениет қайраткерлері қатысуда.