Латынға көшу әлем кәсіпкерлерімен етене араласуға мүмкіндік береді - Салықова
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісулық кәсіпкер, «Алматы бояулары» ЖШС директорлар кеңесінің және Алматы облысының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Римма Салықова латын әліпбиіне көшу жөнінде пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Латын графикасы Қазақстан халқына таң емес. Алдыңғы буын аталар мен апалар осы әліпбиді он жыл бойы қолданды. Әлі есімде, біздің балалық шақта латын таңбасымен басылған көне кітаптар кездесіп қалатын. Қазақ тілінің дыбыстарын дәл беретін таңбалар еді. Латын әліпбиіне көшу кезінде фонетикалық тұрғыда қазақ тілінің табиғаты сақталады деп ойлаймын. Кирилл әліпбиін 80 жылға жуық қолданып жүрсек те, кейбір дыбыстардың өзгеріске ұшырап, тілімізге нұқсан келгені шындық. Бұл пікір ғалымдардың аузынан жиі айтылып жүр», - дейді кәсіпкер.
Сондай-ақ, оның пікірінше латын әліпбиіне көшу арқылы ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың тарихи дыбыстарын қайтаруға болады.
«Латын графикасы тек тілдік тұрғыда ғана емес, кәсіпкерлік, медицина, ғылым, сауда-саттық, экономика саласында да тиімді болады деп есептеймін. Қазақстан кәсіпкерлері шетелдіктермен жиі тәжірибе алмасуы қажет. Латын қарпі бізге әлем кәсіпкерлерімен етене араласуға мол мүмкіндік бермек», деді Р.Салықова.