«Латынға көшу - санадағы сілкініс» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 20 желтоқсан, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Латынға көшу - санадағы сілкініс» - баспасөзге шолу

 ***

 «Тәуелсіздіктің басты бір тірегі - мемлекеттік тіл. 2050 жылға дейінгі кезеңге арналған бұл даму стратегиясында да мемлекеттік тілге жеткілікті орын берілген. Әсіресе, Елбасының 2025 жылы Қазақстан латын әліпбиіне көшеді деп қадап айтуы көпшіліктің көңілінен шығып отыр», - деп жазады «Егемен Қазақстанда» Халықаралық қазақ тілі қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы «Латынға көшу - санадағы сілкініс» атты мақаласында.

Автор Жолдау жолдарынан Елбасының «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Біз 2025 жылдан бастап әліп­биі­мізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл - ұлт болып шешуге тиіс қағидатты мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз» деген сөздерін келтіре отырып, «Елбасымыз латын әліпбиінің ел өмірінде алатын орнын нақтылаумен бірге, әліпби ауыстырудың межесін де белгілеп берді», - дейді.

  «Сонау 1967 жылы Кана­даның Монреаль қаласында өткен ЭКСПО-67 көрме­сіне КСРО делегациясының құрамында бір топ қа­зақстандық та барыпты. Олардың арасында ғалымдар мен инженерлер, әртүрлі саланың мамандарына қоса өнер адамдары, жазушылар да болыпты», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөміріндегі «Канадада өткен ЭКСПО-67 көрмесіне қазақтар да барған» деген мақалада. «Мен бұл әңгі­мені Таған деген кісіден естіп едім. Ал оған көп жылдар басшылық қызметтер атқарған, мұнайшы маман Саламат Шалабаев дейтін ақсақал айтыпты. Енді ойлап қарасақ бұл да тарихымыздың елеулі бір парағы екен», - дейді мақала авторы Әшірбек Амангелді.

Автордың жазуынша, ЭКСПО-67 көрме­сіне қазақстандықтарды сол кездегі Қазақ КСР Жоғар­ғы Кеңесі Төралқасының төрағасы Сабыр Ниязбеков бастап барған. Оған әлемнің 62 мемлекетінен делегациялар қатысып, өз елдерінің жетістіктерін көрсет­кен. Оның ішінде Кеңес Одағының павильоны ерекше көзге түсіп, жұртшылықтың назарын аударған. Бұл дүние екі лагерьге бөлініп, бәсекелесіп тұрған тұста КСРО-ның абыройын асырып, мерейін тасытқан.

                                                                                    ***

Қазақстанда дәрігерлердің құқығы тым көп бұзылады екен. Соңғы төрт жылда елімізде 284 медицина қызметкерінің үстінен сотқа шағым түсіріліп, процестер кезінде бірде-біреуі ақтала алмапты. Осындай оқиғалардан соң бір топ ақ халаттылар таяуда «Медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау» деген ұйым құрып, әріптестерін арашалауға кірісіпті.

«Айқын» газетінде осы қоғамдық бірлестіктің президенті, медицина ғылымдарының докторы Нұрлыбек Үдербаевпен болған әңгімеде аталған тақырып төңірегінде біраз мәселе айталған. «Қазақстан заңдары дә­рі­гердің науқас алдындағы жауап­кер­шілігі үшін айрықша міндет жүк­тейді. Бәлкім, содан шығар, кейде тү­сін­діруге келмейтін түрлі себеп болса да, адамдар заң орындарына шағым тү­сіріп, ақ халаттыларды қудалап жа­тады. Тіптен кейбір жағдайларда дә­рігер кінәсіздігіне қарамай жазаланады да. Ол өзін басшылықтың да, соттың да алдында ақтап алуға қауқарсыз. Өйткені басым бөлігінің кәсіби білімі терең болғанымен, құқықтық сауаты жетпейтіні шындық», - дей келе, Н. Үдербаев мәселені толық тарқатып айтады.

Ащыөзек жотасының етегінде са­ғымға көміліп көне қорған жатыр... Сыры беймәлім. Қай ғасырда, қай ел тұрғызды, белгісіз. Қорған десе қай­ласы мен күрегін ала жүгіретін архео­логтар бұл жерге ат ізін салмаған. Бәлки естімеген де болар... Сонау ес білген бала шағымда сағымға оранып, бар құпиясын жасырып жатушы еді. Әлі де сол қалпы. Тек жел мен жаңбыр кемірген қорғанның қабырғалары үгіліп, жерге сіңіп барады. Кезінде көтеріліп, күншілік жерге көз салар төрт мұнарасы да құлаған, төрт жақ­тан кіріп шығуға қолайлы төрт қақ­пасы да опырылып, дөңбешікке айнал­ған. Апыр-ау, көштен бөлініп қалған тайлақтай жапан далада қа­рауытқан бұл не қылған қорған? Кім тұрғызды? Суыртпақтап тартар та­рихы қайсы? Тек көне дүниеден сыр шертетін тарихи кітаптарды парақтап, өзіңше жорамалдайсың? Басқа жол жоқ. Ащыөзек жотасының етегінде сағымға көміліп көне қорған жатыр... Сыры беймәлім...Бұл туралы «Айқын» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Найманқала» бұл қай қала?» деген мақалада жазылған.