Латынға көшу - сананы жаңғыртуға бетбұрыс

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу туралы бастамасын ел зиялылары, өнер және мәдениет ошақтарының ұжымы бірауыздан қолдауда.

Латынға көшу - сананы жаңғыртуға бетбұрыс

«Осы жылдың басында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақалаңыздағы руханияттың санасы мен мінезін өзгерту керек деген сөздеріңіз бүкіл елді жігерлендіруде. Бұл Сіздің еліңізге, халқыңызға деген сүйіспеншілігіңізден туындаған күрескерлік, жанашырлық, намысшылдығыңыз деп білеміз. Заманына қарай жылдам қарқынмен қарыштап бара жатқан жаһандық заманға өзіміздің төл тарихымыз бен этно мәдениетімізбен, дінімізді, тілімізді сақтай отырып ерекшеленіп ену, біздің халқымызға зор қуат пен жігерлі күш береді»,- деп жазады Елбасының атына жолдаған жеделхатында бір топ ел зиялылары.

Жеделхатқа қол қойған ақын-жазушылардың (Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары - жазушылар: Сәбит Досанов, Әлібек Асқаров, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері-ақындар - Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулет) пайымдауынша, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді оқулықтарды, бәрін де де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Сондықтан 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек деген сөзіңіз бүкіл зиялы қауымның көптен күткен қуанышы еді.

«Себебі, біздің сананы жаңғыртудағы рухани даму, өркендеу жолымыз, осы қазақ тілінің жаңа әліпбиінен бастау алғалы тұр. Осы орайда, зиялы қауым өкілдері де тілге қатысты өз ойларымызды білдіреміз. Латын қарпі өзіңіз айтқандай, бізге таңсық емес, бұрындары да Қазақ елі осы қаріп түрін қолданған болатын. Алғашқы төте жазуынан кейінгі қарпіміз. Мұрағаттардағы небір аудармаларымызы осы тілде десек те болады. Сонымен бірге, нәубет жылдары дүниеге тарыдай шашылып кеткен қазақ жұртының тілі мен әдебиетінің табысар жолы»,-дейді тұңғыш Президентіміздің қабылдаған бастамаларына толық қолдау көрсеткен зиялы қауым өкілдері.

Олардың айтуынша, 25 жылдан астам уақытта тәуелсіз Қазақстанның жеткенр жетістіктерінің барлығы Елбасын үнемі қолдайтын халқының жеңісі. 

Осындай хаттардың бірін Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан және КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Асанәлі Әшімов ағамыз жолдапты.

Өз хатында ол Елбасына деген ерекше ықыласын, асқан ырзашылығын және халықтың арзашылығын жеткізген. «... Еңбек Ері деген ең үлкен дәрежелі марапатты алып тұрып, Сізге «Еліме әлі де қызмет етемін» деп айтқан едім... Ұлт руханияты үшін қандай да болса, келелі істердің басы-қасында бар екенімді білдіргім келеді»,- деп басталады осы хат.

Асанаәлі Әшімовтің пікірінше, рухани жаңғыру заманындағы барлық озық техниканың үлгісі болып тұрған латын әліпбиіне көшу бұл - еліміз үшін, өнеріміз бен мәдениетіміз үшін үлкен рухани құбылыс.

«Латын әліпбиін енгізу - халқымыздың білімі мен мәдениеті, өнерінің дамуына тағы бір серпіліс әкелетін дара жолы деп білемін. Республика Парламентінің мәжілісінде «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» өткен тыңдау Парламенттің өз сайлаушыларының көңіл-күйін, еліміздің егемендікті бекітуге деген арман-тілегін жақсы білетінін көрсетті. Мәжілістің отырысында «Қазақ тілін жаңғыртудың басты көрсеткіші - латын жазуына көшу» деп атап көрсетіліп, бұл қадамның әлем қазақтарын біріктіртетін өте маңызды фактор екеніне назар аударылуы соның тағы бір жарқын дәлелі»,- деп жазады А. Әшімов.