Латынға көшуден қорқудың еш жөні жоқ - Асылы Осман

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа қазақ әліпбиінде 2 әріпті бір-біріне қосақтағанды жөн көрмеймін. Мұндай пікірді бүгін мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысында белгілі қоғам қайраткері, қазақ тілінің жанашыры Асылы Осман білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Латынға көшуден қорқудың еш жөні жоқ - Асылы Осман

«Әрбір нәрсе әрбір қоғамға  лайықты ой туындатады. Дәл қазір біздің қоғамызға  керекті нәрсе  - қазақ әліпбиін латын әліпбиімен таңбалау. Осы тұрғыдан келгенде өтіп жатқан жиындар да, бәрі де жақсы. Бірақ халыққа ұғындырып, түсіндіру, насихаттау кемшін. Біреуі түсініп, біреуі бұрыс түсініп жатыр. Бұл жерде біз қазақтың тілін латынның тіліне ауыстырмаймыз ғой. Қазақтың тілінің  әуезділгін, шұрайлылығын сақтай отырып, қазақ тілін латын әліпбиімен таңбалау ғана. Сол таңбалауда қазақтың өзінің үні де, әуезі де сазы да сақтала білуі керек. Осы тұрғыдан келгенде қазақ тілін латын әліпбиімен таңдалауды жөн көремін, қолдаймын», - деді ол.

Оның айтуынша, әрбір тілдің өзіндік ерекшеліктері бар.  Латын әліпбиіне көшу барысында сол ерекшеліктерді сақтай білуіміз керек. 

«Бірақ, Құдайдан жасырмағанды адамнан да жасырмаймын. 25 таңба дегенге айтарым, екі әріпті бір-біріне қосақтатқанды  жөн көрмеймін. Басқаша белгілерді қойғаны жақсы. Латын әріпімен қазақтың тілін таңбалаған кезде қазақ тілінің бағы ашылып, сөзінің өрісі кеңейеді. Қазақ сөзінің  ішкі жан-дүниесін, мағынасын  ұғып, сол мағынасын бере аласыз. Міне, ең басты ерекшелік осында. Латынға көшуден қорқудың еш жөні жоқ», - деді Асылы Осман.