Латынға көшуді ұзаққа созудың керегі жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев латынға көшуді ұзаққа созудың керегі жоқтығын ашық мәлімдеді. Президенттің пікірінше, өзіміздің алфавитімізді жасауымыз керек, ол қиын жұмыс емес.

Латынға көшуді ұзаққа созудың керегі жоқ

«Мен өзімнің халыққа жолдауымда 2025 жылға дейін латынға көшеміз деген мерзімді белгілеген едім. Бірақ латынға көшуді ұзаққа созудың керегі жоқ деп санаймын. Біздің ғалымдарымыз да Түркияның және латынға көшкен басқа да көршілеріміз: Әзербайжанның, Өзбекстанның тәжірибесіне сүйене отырып, өзіміздің алфавитімізді жасай алады. Ең бастысы, алфавитті жасайтын кезде, олардың жіберген кемшіліктерін ескеруге тиіспіз. Бұл аса қиын шаруа емес. Өйткені, біздің балаларымыз 1-ші сыныптан бастап ағылшын тілін оқып-үйреніп жатыр»,- деген ойын айтты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев V Дүниежүзілік қазақтар құрылтайында сөйлеген сөзінде.

Мемлекет басшысының біздің латын қарпіне көшуіміз әлемнің әр қиырында тұратын қазақтарды біріктіретініне сенімі зор. «КСРО-да өмір сүрген қазақтар - кирилл қарпімен, Қытайдағы қазақтар - төте жазумен, Батыс елдерінде тұрған қазақтар - латынмен жазды. Бәріміздің тіліміз ортақ болғанына қарамастан, біз үш түрлі жазумен жаздық. Тіпті, кімнің не жазғанын түсінбейтін халде болдық. Бұл бір жағынан, күллі әлемге шашырап кеткен қазақтардың ұрпақтарын бөлінуге әкеліп соқтыруы мүмкін еді. Екінші жағынан, үш түрлі жазу бізді ғылым мен техниканың жетістіктерінен алшақтатты, өйткені, қазір ғаламтордың заманы. Бұл кемшіліктің орнын толтыру үшін, біз әрекет етуге көштік. Қазақ тілін латынға көшіру бүкіл әлемдегі қазақтарды одан сайын біріктіре түседі»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз деген ойын жеткізді. Сондай-ақ, ол «Жаһандық заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру қажеттігіне тоқталды.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Елбасының бұл ойына ерекше қызығушылық танытты. Ол мақалаға қатысты берген түсінігінде: «Бұрын-соңды ешкім мұндай ұсыныс айтқан жоқ. Шынымды айтсам, мен осыған қатты таң қалдым. Бұл жерде бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек. Ұлттық брендімізді басқаларға таныстыруға бұл әрі пайдалы, әрі ізгілікті іс болмақ. Бұл - біздің елімізді әлемдік мәдениетке шығаратын мүмкіндік»,- деп атап өтті.

Министрдің пайымдауынша, Елбасының мақаласын оқыған әрбір қазақстандық болашаққа бәсекеге қабілетті ұлт ретінде қадам жасауға ұмтылады. «Бұл мақаладан әркім өзін ойландырған нәрсесіне жауап табады. Мемлекет басшысы қазіргі кезде әлемде болып жатқан өзгерістерді бірінші болып сезеді. Өйткені, ол басқа адамдармен қарым-қатынас жасауда ерекше тәжірибесі бар адам. Басқа елдердегі біз көрмейтін, жүрегімізбен сезбейтін жаңалықтарды, құбылыстарды Елбасы көреді»,- деген ойын айтты Д. Абаев.

«Бұл мақалада біздің алдағы дамуымыздың нақты бағдары бар. Сондықтан, әр адамға оған ойлы көзбен қарауынн кеңес берер едім. Себебі, бұл мақала ойлы, саналы, ашық көзбен оқуға тұратын дүние»,-деді министр өзінің ойымен бөлісіп.