Лауазымды шенеуніктердің отбасы мүшелеріне шетелдік шоттарды ашуға тыйым салынады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Оффшорлық юрисдикцияларға ақша аударымдары бөлігінде заңнама жетілдіріледі. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жыл соңына дейін шағын және орта бизнес субъектілерін жалдау төлемдерінен босату бойынша жалдау ережелеріне өзгеріс енгізу жөнінде бірлескен жұмыс жүргізілуде. Республикалық және коммуналдық меншік объектілері бойынша шағын және орта бизнес субъектілерімен тиісті қосымша келісімдер жасасу жоспарлануда. Квазимемлекеттік сектор да оларды басқару органдарының шағын және орта бизнесті жалдау төлемдерінен босату жөнінде шешім қабылдауы қажет», - деді министр Үкімет отырысында.
Бұдан бөлек ол «Көлеңкелі экономикаға» қарсы күрес шаралары туралы айтты.
«Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі жоспар өзектендіріледі және оффшорлық юрисдикцияларға ақша аударымдары бөлігінде заңнама жетілдіріледі», - деді Е. Жамаубаев.
Министрлік FATF ұсынымдарын орындайды, атап айтқанда:
- мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың лауазымды тұлғаларына және олардың отбасы мүшелеріне шетелдік шоттарды ашуға тыйым салуды енгізу;
- салық органдарының кәсіпкерлік субъектілерінен түпкілікті бенефициарлар туралы мәліметтерді алу құқығын заңнамамен бекіту.
«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің салық органдары арасында ақпарат алмасу аясында ҚР резиденттерінің қаржылық шоттары туралы мәліметтерді талдау ескерілген. Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бойынша жұмыс жандандырылды. Астана-1, Электрондық шот-фактуралар жүйесі және Виртуалды қойма іске қосылды. Бұдан басқа, темекі және алкоголь өнімдерін таңбалау пилоттық жоба ретінде жүргізіледі және онлайн-бақылау кассалық машиналары (БКМ) енгізілді», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, жүйелерді интеграциялау есебінен ҚХР-мен импорт бойынша кедендік статистиканың алшақтығы төмендеді.